Мәжілісте архив ісін дамыту туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Құжатқа қоғамда кең талқыланған бірқатар өзекті түзетулер енгізілді. Олардың қатарында балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі теріс контенттен қорғау, сондай-ақ педофилия мен дәстүрге жат бағдарды насихаттауға тыйым салу бар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, интернет пен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Күн сайын жасөспірімдер отбасы мен адамгершілік құндылықтарға қайшы келетін материалдарға тап болуда.
– Қоғамда балаларды теріс контенттен қорғауға алаңдаушылық артып келеді. Сол себепті заң жобасына педофилия мен дәстүрге жат бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгіздік. Бұл – олардың психологиялық саулығы мен моральдық дамуын қорғауға бағытталған маңызды қадам, – деді депутат.
Оның сөзінше, өскелең ұрпақтың санасын улайтын, отбасы мен ұлттық құндылықтарға қарсы бағытталған контент ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да үлкен қатер төндіреді.
Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері бұл бастаманы бірауыздан қолдаған. Бұған дейін депутаттар Еділ Жаңбыршин, Ринат Зайыт, Самат Мұсабаев және Ардақ Назаров ЛГБТ насихатына шектеу қою жөнінде депутаттық сауалдар жолдаған болатын. 2024 жылы “Біз ЛГБТ-ның ашық және жасырын насихатына қарсымыз!” атты петиция 50 мыңнан астам қол жинаған.
Петиция негізінде Ұлттық өркендеу қоры арнайы зерттеу жүргізіп, дәстүрге жат қатынастарды насихаттау жасөспірімдердің психологиялық тұрақтылығына кері әсер ететінін анықтаған.
Мәжілістің 18 депутаты қолдаған түзетулер аясында педофилия мен дәстүрге жат бағдарды насихаттайтын контентті таратуға шектеу қою көзделген. Өзгерістер баланың құқықтары, жарнама, байланыс, мәдениет, білім, кинематография және БАҚ туралы тоғыз заңға енгізіледі.
Сонымен қатар заң жобасында “дәстүрге жат бағдарды насихаттау” ұғымының нақты анықтамасы бекітіледі. Мұндай мазмұндағы материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформалар мен телекоммуникациялық желілерде таратуға тыйым салынады.
– Бұл нормалар халықаралық тәжірибеге қайшы емес. Көптеген мемлекеттерде осындай шектеулер бар. Мәселен, Венгрия, Болгария, Литва, Польша, Қырғызстан және Ресей де осы бағытта жұмыс істейді. Бұл – ұлттық менталитетті және отбасылық құндылықтарды сақтау жолындағы заңды қадам, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Депутат бұл бастама ешкімнің жеке құқықтарын шектеуге бағытталмағанын атап өтті.
– Мұнда әңгіме адамдарды емес, контентті шектеу туралы. Ешкімнің жеке өміріне қол сұғылмайды. Бұл тек бұқаралық және цифрлық кеңістікте таратылатын ақпаратқа қатысты заңды шектеулер, – деді ол.
Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, ұсынылған түзетулер балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз дамуына, ұлттық құндылықтарды қорғауға және қоғамның моральдық тұтастығын сақтауға бағытталған.
– Бұл заң жобасы – ұрпақтың рухани және психологиялық саулығын қорғауға арналған маңызды бастама. Жастардың санасына кері әсер ететін кез келген ақпараттың таралуына тосқауыл қою – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті, – деп қорытындылады депутат.





