Панфилов ауданында ізгілікке үндейтін дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізілді. Биыл «Жақсылық жаса» ұранымен ұйымдастырылған шарада аудандық полиция бөлімінің есебінде тұрған 6 отбасыға тексеріс жүргізіліп, 16 балаға нақты қолдау көрсетілді. Қамқорлық пен жанашырлық танытқан жандардың арқасында балалардың жаңа оқу жылына дайындықтары толық қамтамасыз етілді.
Ауданда 895 аз қамтылған отбасы, 4447 көпбалалы және 101 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Десе де осы санның әрқайсысының артында жүрек жылуына зәру бала тағдыры тұрғаны сөзсіз. Сол себепті биылғы акция аясында демеушілер мен қайырымды азаматтардың қолдауымен 3460 оқушыға көмек көрсетіліп, жалпы 5020 бала мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Жомарт жүректі жандардың қаражаты есебінен осы мақсатта 96 миллион теңге жұмсалды.
Бұл шара – тек материалдық көмек емес, қоғамдағы мейірім мен бірліктің жарқын көрінісі болды. Ізгілікті іске жұмыла кіріскен жұрт үлкен ізгіліктің үлгісін көрсетті.
«Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру барысында ерекше белсенділік танытқан Панфилов ауданының білім бөліміне, аудан мектептерінің басшыларына және ұстаздар қауымына шексіз алғыс айтқымыз келеді. Балалардың тағдырына бейжай қарамай, әр оқушының қуанышына ортақтасқан мектеп ұжымдары осы игі істің басты тірегі болды.
Сонымен бірге аудан әкімдігіне, аудан кәсіпкерлеріне, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына, аппарат бөлімдерінің басшылары мен ұжымдарына, мемлекеттік органдар мен жекелеген демеушілерге айрықша алғыс білдіреміз. Әсіресе, «Банк Центр Кредит» АҚ-ның Жетісу облыстық филиалының қолдауы балалардың қуанышын еселеп, олардың мектепке жаңа серпінмен баруына зор үлес қосты.
Бұл акция бірліктің, жанашырлықтың, жүрек жылуының айқын дәлелі. Панфилов ауданындағы әрбір баланың жаңа оқу жылына шат көңілмен қадам басуы – баршаның ортақ еңбегінің жемісі.
Қайнар ҚУАНЫШҰЛЫ,
Панфилов аудандық білім бөлімінің
«Бала құқығын қорғау» жөніндегі әдіскері





