Талдықорғанда V Халықаралық «Жас Виртуоздар» байқауы өтті. Онда жас дарындар қазақ және шетел композиторларының шығармаларын кәсіби деңгейде орындап, бақ сынасты. Үздік деп танылғандары Гала-концертте өнер көрсетті.
Байқауға Алматы, Астана қалаларынан, Жамбыл, Жетісу, Алматы облыстарынан, сондай-ақ, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен 80 өнерпаз қатысты. Олар жергілікті оркестрмен бірге күрделі шығармаларды орындай отырып, өздерінің музыкалық шеберліктерін көрсетті.
Қазылар алқасының айтуынша, додаға түскен балалар мен жасөспірімдердің аспапта ойнаулары өте үлкен әсер қалдырған. Олар бұл ұлдар мен қыздарды жарқын болашақ күтіп тұрғанын және қол жеткізетін биіктері алда екенін, сондықтан жастардың ешбір кедергіге тоқталмауы керектігін атап өтті.
– Бүгінгі «Жас виртуоздар» байқауы жоғары деңгейде өтті деп санаймын. Мен мұнда көптеген талантты жас орындаушыларды көрдім. Олар өз аспаптарын өте жақсы меңгерген. Әр байқау жастар үшін үлкен дайындық пен шыңдалу десек болады. Бұл жерде балалар бір-біріне қарайды, үйренеді, – дейді халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Әсел Рақымжан.
Сайыс қорытындысы бойынша қобызбен өнер көрсеткен Нұрайлым Абди бас жүлденің иегері атанды. Ал ең үздік домбырашы ретінде Расул Әміржан танылды. Осы байқаудың барлық жеңімпаздарына дәстүр бойынша ақшалай сертификаттар берілді.
Медет ЖҰМАБАЙ