Талдықорғандағы «Жетісу жастары» орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жолдауы аясында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Шараны «Taldyqorgan jastary» ұйымы ұйымдастырды. Онда ЖИ-дің мүмкіндігі кеңінен талқыланды.
Басқосуда заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің даму бағыттары жөнінде, студенттердің цифрлық ойлау қабілетін дамыту және олардың кәсіби бағдарын айқындау тұрғысында әңгіме айтылды. Сонымен қатар, елдегі инновациялық үдерістер мен цифрлық трансформацияның қоғамға, білім беру жүйесіне және еңбек нарығына әсері жан-жақты талқыланды.
Шарада Jetisu IT-Hub менеджері Маржан Мөкебаева жасанды интеллекттің білім саласына берер пайдасы жөнінде кеңінен әңгімеледі. Ол өз сөзінде жасанды интеллект балалар мен жастар үшін тек үй тапсырмасын орындауға арналған құрал емес, білім мен қабілетті шыңдауға бағытталған көмекші платформа болуы керектігін атап өтті.
– Жиынға қатысушыларға ChatGPT, Gemini және Google NotebookLM атты жасанды интеллект түрлерін таныстырдым. Бұл жүйелердің әрқайсысының өз артықшылығы бар. Мысалы, ChatGPT – мәтіндік талдау мен жазылымдық тапсырмаларда өте тиімді болса, Gemini – ақпаратты іздеу және бейімдеу жағынан мықты. Ал Google-дың Notebook жүйесі кітаптар мен ғылыми еңбектердің қысқаша мазмұнын ұсыну арқылы білімді тереңдетуге мүмкіндік береді. Бұл құралдарды дұрыс пайдалана білсек, жас ұрпақтың таным көкжиегі кеңейіп, шығармашылық қабілеті артады, – дейді ол.
Кездесу барысында сарапшылар жасанды интеллекттің құқық саласына, цифрлық білім мен деректер қауіпсіздігіне ықпалы туралы мазмұнды баяндама жасады. Ал студенттер өз ойларын еркін білдіріп, жаңа технологияның мүмкіндіктері мен қауіптері жөнінде пікір алмасты.
Заң колледжінің 3-курс студенті Темірлан Әділбек:
– «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» мен үшін өте әсерлі болды. Жасанды интеллекттің тек техникалық құрал емес, елдің экономикасы мен инновациялық дамуына зор үлес қосатынын біз жан-жақты талқыладық. Ол біздің даму мақсаттарымызды айқындауға және сыни ойлауға үлкен серпін береді. Болашақ – жаңа технологияны игерген жастардың қолында екенін айтқым келеді, – дейді.
Шын мәнінде, қазіргі жасанды интеллект дәуірінде жастардың ойлау мәдениеті мен ақпаратты өңдеу дағдысы түбегейлі өзгеріп келеді. Бұрынғыдай білім тек оқулық бетімен шектелмейді, енді оны жаңа технологияның көмегімен кеңейтуге, тереңдетуге және қолданыста пайдалануға мүмкіндік мол.
Медет ЖҰМАБАЙ





