Жетісу облысында полицейлер жол апатынан қаза тапқандарды еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алакөл ауданында жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандарды еске алу апталығы аясында «Жарық шам» акциясы өтті.
Іс-шараның мақсаты – жолдарда өмірі үзілген азаматтарды құрметпен еске алу және қоғам назарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға бағыттау. Акция барысында полицейлер бір минут үнсіздік жариялап, жол-көлік оқиғаларында қаза болғандарды еске алды.
Полицейлердің айтуынша, әрбір жол қозғалысына қатысушының жеке жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Жолдағы қауіпсіздік – жүргізушілердің де, жаяу жүргіншілердің де ортақ міндеті. Сондай-ақ балаларға жол мәдениетін үйрету ата-аналардың жауапкершілігі екені атап өтілді.
Іс-шараның ерекше бөлігі – полиция қызметкерлерінің шығармашылық нөмірі болды. Олар жол қауіпсіздігі тақырыбына арналған авторлық ән орындады. Әнде магистраль, мопед, адам өмірін жалмаған қателіктер, құқық бұзушылықтар және заң мен тәртіптің құндылығы туралы жолдар орындалды.
Полицейлердің пайымынша, мұндай шаралар қоғамда жол ережелерін сақтауға деген жауапкершілікті арттырып, тұрғындар мен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтады. Қаза тапқандарды еске алу – жол қозғалысы ережелерін сақтау күнделікті өмірдің маңызды қағидасы болуы керектігін еске салады.





