Жетісу облысында «Ер болмысы – ел болашағы» атты әкелер форумы өтіп, үздіктер марапатталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Шара әке институтын қолдауға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және ұл баланы тәрбиелеудегі маңызды қағидаларды дәріптеуге бағытталды.
Форумға өңірдің барлық аудан-қаласынан белсенді және беделді әкелер, мектеп пен колледждердің ата-аналар комитеті өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері және жергілікті атқарушы органдар қатысты.
Жиында қатысушылар баяндамаларды тыңдап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Әкелер ұл тәрбиесінде қолданатын әдістерін айтып, отбасындағы ер адамның рөлін күшейтуге қатысты пікірлер білдірді. Сонымен қатар басқа өңірлердегі озық тәжірибелер таныстырылды.
Форумның негізгі мақсаты: жауапты әке болу мәдениетін арттыру, ер адамның отбасындағы рөлін насихаттау, ұл тәрбиесіндегі заманауи сын-қатерлерді талқылау; үздік әкелерді ынталандыру, ата-аналар мен қоғам арасындағы өзара әрекеттестік тетіктерін дамыту.
Пікірталас бөлімі барысында қатысушылар еркін форматта сұрақ қойып, ұсыныстарын айтты. Бұл алаң әкелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ортақ мәселелерді бірлесе талқылауға жол ашты.
Марапатталғандардың қатарында Жетісу облысының 8 ауданы мен 2 қаласынан келген көпбалалы әкелер, ауыл әкімдері және түрлі сала мамандары бар.





