«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы шалғай ауылдар мен станцияларда тұратын азаматтарға сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында өз жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мамандандырылған дәрігерлер тобы Жайпақ, Достық және Бескөл станцияларында қабылдау жүргізіп, тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.
Сапар барысында азаматтар профилактикалық тексеруден өтті, бейінді мамандар кеңес берді, бастапқы диагностика мен алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Жалпы 2 855 адам, оның ішінде 1 241 бала медициналық тексеруден өтті. Халыққа терапевт, педиатр, офтальмолог, кардиолог, маммолог және басқа да мамандар қызмет көрсетті. Қажет болған жағдайда пациенттерге қосымша тексерулер мен емделуге жолдамалар берілді.
Биылғы жылы «Саламатты Қазақстан» пойызы 123 станцияға барып, шамамен 90 мың қазақстандыққа медициналық көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Маршрут еліміздің толыққанды медициналық инфрақұрылымы жоқ өңірлерін қамтиды.
Жобаны Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан жүзеге асыруда.
Медициналық пойыздың жаңартылған қозғалыс кестесі www.medpoezd.kz сайтында жарияланып отырады.
Дереккөз: Egemen.kz





