Жетісу облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы орманмен көмкерілген, бірақ мемлекеттік орман қорына енгізілмеген 9 мың гектардан астам жерді анықтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Орман кодексінің 51-1-бабына сәйкес, басқа санаттардағы жерлерде өсетін табиғи екпелер мемлекеттік орман қорына енгізілуге тиіс.
Прокурорлық қадағалау актісінен кейін әкімдік барлық мүдделі органдарды тарта отырып, арнайы комиссия құрды. Комиссия анықталған учаскелерді облыстық орман қорының құрамына енгізу бойынша Жол картасын әзірледі.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 9 412 гектар жер облыстық орман қорына берілді. Алакөл және Үйгентас орман шаруашылықтарының алқаптары да осы аумаққа қосылды.





