Шеберлік пен тәжірибе кілем үстінде арпалысқанда, бақтың да басқа бұйырып қонатын сәті. Ұйымдастырушылар: «Ата-бабадан қалған асыл мұраны ардақтаған бұл жарыс Ұлы Абайдың кіндік қаны тамған киелі өлкеде өтіп жатқандығы – ерекше мақтаныш. Кубоктағы тартыстар қызып жатыр. Үздіктер анықталып, оларға арнайы сый-сияпат көрсетілді», – дейді.
Жетісулық спортшылар ел кубогындағы бәсекені ойдағыдай аяқтады. Кілемге 60 келіде шыққан Марат Ниғамтулаев алтын, қыздар арасында 52 келіде сынға түскен Іңкәр Төлепбергенова күміс және 60 келіде күрескен Саяжан Өзбек пен 56 келіде белдескен Нұрай Хамзаева қола медаль алды. Бұл жетісулықтардың айтулы жеңістерінің бірі.
Қазақстан кубогының қорытындысы – бұл тек төрткүндік белдесудің нәтижесі емес, бұл – өңірлік спорттың, бапкерлер еңбегінің және спортшылардың боз кілемде төккен терінің нәтижесі. Осы жарыста барлығы 16 жекелей салмақ дәрежесі мен 1 командалық сайыс бойынша жеңімпаздар анықталды.
Медальдар есебіне көз салсақ, Шымкент қаласының балуандары көш бастады. Құраманың қоржынында 6 алтын, 2 күміс және 7 қола медаль бар. Бұл – тек саны емес, сапасы жағынан да үздік көрсеткіш. Шымкент балуандары жекелей жарыстарда да, командалық бәсекеде де өздерін мойындата білді.
Қоржынында 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медалі бар Абай облысы екінші орынға жайғасса, Маңғыстау облысы 2 алтын, 1 күміс және 1 қола көрсеткішпен үздік үштікті түйіндеді.
Жыл сайын тоқсаннан астам республикалық, ұлттық және халықаралық жарыстар өткізіп, ұлттық мұраны өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп келе жатқан Qazaq Kuresi ассоциациясының баспасөз қызметі: «Ұлы Абайдың 180 жылдығы аясында Абай облысының орталығы Семей қаласында өткен бұл жарыс – жай ғана қатардағы дода емес, ол ұлттық идеологияның, спорт пен тәрбиенің тоғысқан алаңы. Қазақ күресі бүгінде тек ел ішіндегі емес, халық- аралық аренада да мойындалған спорт түрі. Бұл оның Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен World Combat Games сияқты кешенді ойындардың бағдарламаларына енуімен дәлелденіп отыр», – дейді.





