Бүгінде ережесіз жекпе-жек спорты жанкүйерлердің ерекше қолдауына ие болып, бәсекелестік жағынан да деңгейі өсті. Оған ирландық Конор Макгрегор, таулы елдің баласы Хабиб Нұрмағамбетов сынды файтерлердің қосқан үлесі зор. Дәл қазіргі сәтте осы спорт түрін таңдап, содан жетістікке жетуді көздеген қазақ балалары да бірінен соң бірі жарқырап шығып жатыр. Қазақ жекпе-жек спортындағы жарқын есімдердің бірі, жетісулық жас файтер – Ержан Шиырбай.
Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауыратыны о бастан белгілі. Ержан дәл осы спорт түрін таңдар алдында анасы қарсы болды. Алғаш жаттығуларда, жарыстарда жарақат алып келгенінде анасы мектепте мұғалім болу туралы да ұсыныс айтқан. Алайда жүрек қалауы осы бағытты таңдағаннан кейін анасы түсіністікпен қарап, өз рұқсатын берді. Бүгінде әр жарыстың алдында әкесі мен анасының берген батасы қорған болар қалқан іспеттес.
Ержанның алғашқы жекпе-жегі Елордада өтетін комбат джиу-джитсудан ел чемпионатына Алматы облысындағы іріктеу турнирі болды. Жігерлі жігіт төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Туған ауылынан арнайы келіп қолдау көрсеткен Айдын мен Абай достарының сол кездегі демеуін ерекше айтады.
Ал карьерасындағы ірі жекпе-жек – Талдықорғанда 2019 жылы өткен «Октагон 12» турнирі. Онда қырғыз Бекболат Нұрбековты техникалық нокаутпен жеңді. Бұл кәсіби жекпе-жектегі алғашқы кездесуі еді. Одан кейін жарақатына байланысты үзіліс жариялады.
Жекпе-жек алдында қазақтың патриоттық әндерін тыңдау арқылы жігерленеді. Ал октагонға шығар алдында Қуандық Рахымның «Мен қазақпын» әнін қоюды дағдыға айналдырған.
Айтпақшы, Ержан біз танитын, білетін бапкерлердің ішіндегі санаулы ғана жас жаттықтырушылардың қатарында. Ол жөнінде өзі: – Шәкірттеріммен теңдей боламын, дос сияқты араласып, бірге жаттығу жасай береміз, – деп айтады. Жаттығу дәл қазіргі сәтте күніне бір рет (кешкісін 2,5 сағат жаттығады), ал адам денесі қалыпқа келгеннен кейін күніне екі уақытқа ауысады.
Бүгінде інісі Ерзат та аға жолын таңдап, осы бағытта еңбек етіп жүр. Ол жөнінде Ержан: – Інімді жаттығу залына төрт жасында өзім апардым. Бастапқыда бокспен айналысты. Кейін келе жекпе-жекті таңдады. Қазір Азамат Мұсабаевтың бапкерлігімен жаттығу жасап жүр, – дейді.
Қазіргі таңда әлемдік ареналарда Жалғас Жұмағұлов, Шавкат Рахманов, Дамир Исмағұлов, Қуат Хамитов, Арман Әшімов, Арман Оспанов сынды қазақ файтерлері жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ал болашағынан үміт күтетін жас жетісулықтар жөнінде Ержанның қатарластары турасында сұрағанымызда: – Иә, қазақ файтерлері тәп-тәуір жетістікке жетіп жүр, әлі де үлкен деңгейге жететініне сенеміз. Болашақта ұлттық спортымызда жүргендер жекпе-жекте үлкен бір сілкініс жасайтындығына зор үмітпен қараймын. Ал жас жетісулықтарға келер болсақ, олар Дастан Жақыпбеков, Ақжол Исаханов, Ерзат Қанатай-ұлы, Ерасыл Серік, Ақжол Балаборинов, Азат Айдархан сынды жігіттер әлемдік аренада қазақ Туын биікке көтеруі тиіс, – деп жауап берді.
Ержанның өзі биыл екі жекпе-жек өткізуді жоспарға қойған. Бәрі ойдағыдай болып жатса, сатылы өрлеуді қалайды. Жас жетісулыққа біз де тілекшіміз!





