Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі БАҚ-та тарап жатқан ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның технологиялардың еңбек нарығына әсері туралы айтқан сөзі бұрмаланып берілген.
«Кей басылымдарда «ЖИ салдарынан 1 миллион қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін» деген мәлімдеме пайда болды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды және айтылған сөздердің мәнін бұрмалайды. Вице-министр әлемдегі бүкіл мемлекетке қатысы бар еңбек нарығының автоматтандырылуы туралы сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қазақстанда да өзге елдердегідей бірқатар мамандық технология ықпалымен өзгеруі мүмкін, бұл жойылады деген сөз емес», — деп жазылған хабарламада.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, мәселе жұмыс орындары қысқаруы туралы емес, еңбек нарығын жаңа технологияларға бейімдеу және азаматтарды болашақтың мамандықтарына даярлау туралы болған.





