Сарыжаз ауылында ат жаратып, бәйге аттарын баптайтын, тазы иттерін өсіретін азаматтар көп.
Осы ауылдағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, шаңғы спортының жаттықтырушысы, шаңғыдан республика, облыс чемпионы Ерлік Маратұлы бәйге аттарын баптайтын әрі желдей ескен жүйріктермен шаба алатын жастарды тәрбиелеп келеді. Ерлік бастаған жасөспірімдердің 5-6 бәйге аты бар. Жараулы ат мінетін жігіттер, бозбалалар бір уақыт аңшылықпен де айналысады.
Райымбек ауданында жалпы елуге тарта тазы бар. Оның дені Сарыжаз ауылдық округінде. Қобыланды Дүйсенбектің «Гектар» атты ұшқыр қара тазысы аудандағы тазылардың көшін бастап тұр. Шалкөде жайлауында өткен қымызмұрындық шарасы кезінде ұйымдастырылған республикалық тазылар жарысында бірінші орыннан көрінген. Ауданда өткен шырға тарту жарысында да жүлделі болды. Сол сияқты, жүйрік ат, ұшқыр тазы ұстауды серік еткен Азамат Мұстафаевтың да «Ақтөс» атты тазысын көргенде көзің тояды. Бірегей азамат, айтулы бапкер, еңбекқор жаттықтырушы Ерлік Маратұлының да «Тұйғын» атты тазысы бар. Бір уақыт саятшылық құрып, ауыл маңындағы саз өңірінен, жазықтан қоян, түлкі, шибөрі аулап қайтып жүр.
Әйтеуір, ұшқыр тазысы бар жігіттердің қанжығалары бос емес. Иә, қыс қызығы да осында.
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Райымбек ауданы





