Сарқан ауданы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жомарт Мақатұлы Игіманның туған күніне орай дәстүрлі Жомарт Игіман оқулары өтті. Әдеби шара ақын атындағы кабинеттен бастау алып, мектеп оқушылары үшін тағылымды рухани орта қалыптастырды.
Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Таңдайына сәруар сөз ұялаған» атты жас ақындар мен көркемсөз шеберлері байқауына ауданның әр мектебінен 12 дарынды оқушы қатысып, өз өнерін көпшілікке ұсынды. Олар өлеңге деген сүйіспеншілігін, талап-талғамын, сахна мәдениетін көрсете білді.
Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы құттықтау сөз сөйлеп, жас таланттарға сәттілік тілеп, Жомарт Игіманның шығармашылығы мен өмір жолының жастарға үлгі екенін атап өтті.
Байқау барысында қатысушылар ақынның бір өлеңін және өз шығармашылығынан туындысын жатқа оқып, поэзияға қатысты эсселерін ұсынды. Қазылар алқасы жас өнерпаздардың тіл тазалығын, көркем оқу деңгейін, дауыс мәнерін және сахна мәдениетін бағалады.
Сайыс қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Жомарт Игіман оқулары — әдебиетке деген құрметті тереңдетіп, жас буынға рухани шабыт сыйлаған маңызды мәдени шара болып өтті.





