Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жол-көлік оқиғаларына қатысты алаңдатарлық статистиканы жариялады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оның айтуынша, елімізде жол апаттары күн санап көбейіп барады. Биыл қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 22 501 жол апаты тіркеліп, 32 375 адам зардап шеккен, ал 1446 адам көз жұмған. 2024 жылдың осы кезеңінде 15 862 жол апаты болған. Яғни, бір жыл ішінде апат саны 7 мыңға артқан.
Сондай-ақ, соңғы бес жылда тасжолдарда 12 267 адам қаза тапқан. Оның ішінде 8218-і ер адам, 2975-і әйел, ал 1074-і бала.
«Бұл деректерді әлем елдерімен салыстырсақ, Қазақстандағы тасжолдар бейбіт күнде бейіттен хабар әкелетін қорқынышты құралға айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жол апатынан көз жұмғандар саны бойынша Қазақстан 192 елдің ішінде 107-орында тұр», — деді депутат Нартай Сәрсенғалиев.





