Жаркент қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Наталья Дементьева мен Вакиль Набиев мемлекеттік қызметкерлермен, аудандық мәслихат депутаттарымен, білім ошақтарының басшыларымен, имамдармен, жастар көшбасшыларымен және этномәдени орталықтардың жетекшілерімен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізіп, жұртшылықтың ой-пікірін тыңдады.
Кездесу жиынын ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Талғат Өмірәлиев алдымен сөз кезегін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Наталья Дементьеваға берді. Мемлекеттік тілде амандасып, сөзін бастан-аяқ қазақша өрбіткен халық қалаулысы жұртшылықты Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтап, мемлекетіміздің жеткен жетістігін, ұлтаралық татулығы мен ықылас-пейілін, халықаралық беделін тілге тиек етіп, шегараның шетінде, желдің өтінде жатқан Жаркент халқының қоғамдық, саяси істердегі белсенділігін, экономикалық өркенді ізін сараптап жеткізді. Осы рәуіште сөз қозғаған ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Вакиль Набиев халықтың ықылас-пейілінің дұрыстығы мемлекеттің өркендеуіне қалай ықпал ететінін әңгімеледі.
Кездесуде облыстық Қазақстан халқы Ассам- блеясының этностық қатынастар бөлімінің бас маманы Әбілқайыр Оралов, Еңбек Ері Күләш Айтжанова, Әулиеағаш ауылдық мешітінің имамы Тұрлыбек Қорғасбеков сөз сөйлеп, жергілікті халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жастар тәрбиесіне пайдаланудың жолдарын қарастырып, пәрменді жұмыстарды жүргізу тәсілдерін атап өтті.
Жиын соңында жаркенттік бір топ белсенді жасқа Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты салтанатты жағдайда тапсырылды.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы




