Бір ғасыр тоқтаусыз соғып келе жатқан жүрек иесі Нұрқан Жақсыбекова апамыз Жаркент қаласында тұрады. Осы наурыз айында жүз жасқа толды. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері, 9 баланы өмірге әкелген ана 26 немере, 52 шөбере, 6 шөпшек көріп, ұрпағының қызығына кенеліп отыр.
Әже әлі де тың, қимылдап жұмыс істеп, етегіне салып, малға шөп береді, есіктің алдын сыпырады. Инені көзәйнексіз сабақтап, көрпе тігеді, құрақ құрайды. Апамыздан «Көп жасауыңыздың сыры неде?» деп сұрасақ, «Айналайын, туғаннан тынымсыз едім, әлі де тыныш отыра алмаймын. Денсаулықтың демеушісі тынымсыз еңбек», – деп өнегелі сөзін айтады. Шындығында апаны шыңдаған тынымсыз еңбек. Көзін тырнап ашқалы жұмысқа араласып, небір заманның қиын соқпағын көрді. Өмірлік қосағы Сламжан Жақсыбеков екеуі Октябрьдің 40 жылдығы атындағы ұжымшарда мал бақты. Өмір бойы қара жұмыс істеп, еңбек етті, сиыр сауды. Отағасы 2008 жылы қайтыс болды.
Міне, сол бейнетінің өтеуі болар, апаның ел алдындағы қадірі зор. Бойында суырып салып өлең шығаратын қасиеті бар. Ән де айтады. Ел-жұртқа ақ батасын беріп, балаларының тілеуін тілейді. Апаның жанында отырсаңыз бойы тұнған тарих екенін ұғасыз. Небір шежіреден сыр шертеді. Сондықтан да ол кісіні танитын жандар алыс-жақыннан әңгімесін тыңдау үшін арнайы келеді. Әкімдік қызметкерлері де ескерусіз қалдырмай, мерекелерде құттықтап жатады.
– Анамның айтқан әндерін, ғибратты сөздерін, берген батасын, өнегелі істерін әлеуметтік желіге жүктеп қоямын. Соның арқасында мені Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі адамдар таниды. «Анаңызға сәлем айтыңыз, дені сау болсын, ұзақ жасай берсін» деп ізгі тілектерін жазып жатады. Анамның айтқан сөздерінің бәрін қағазға түсіріп алсақ қой деп армандаймын. Кей кездері түртіп, жазып қоямын. Мерейтойына орай анамды қуанту үшін Маңғыстаудан түйежүннен арнайы шапан тіктірдім. Біз үшін анамыздың әрдайым ортамызда жүргені үлкен бақыт, – деді қызы Анар Жақсыбекова.
Жүз жасқа жеткен де, жетпеген де бар. Сондықтан да балалары жиналып, Жаркент қаласында аналарына үлкен той жасады. Бүгінде қария кіші баласы Әкімжан Жақсыбековпен бірге тұрады. Үнемі ұрпағына «Ұқыпты болыңдар, таза жүріңдер, біреудің ала жібін аттамаңдар, адал еңбек етіңдер, әкелерің екеуміз сендерді адал еңбекпен жеткіздік», – деп өнегелі сөзін айтып отырады.
Ауыл-аймағының ақылгөйі, дана қариясына айналған, ғасыр жасаған апаға біз де ұзақ ғұмыр, денсаулық, үрім-бұтағының мәуелі бәйтерекке айналып, қанат жая беруін тіледік.
Алма ЕСЕНБАЙ,
Алматы облысы