Қазақ футболшыларының арасынан Еуропаға жол ашып, алғаш гранд-клубқа ауысқан Дастан Сәтпаев «Челси» командасымен бірінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Команда ережеге сай футболшы 18-ге толғанда ресми таныстырады. Ал қазір тек там-тұмдап жиналған ақпаратпен фото-видеоға қанағаттанамыз. Дастан «Челси» сапында жолдастық кездесуге қатысып, күнделікті жаттығу барысында жақсы көрініп жүр. Британиялық басылымдармен агенттер жиі назарға алып, әр іс-әрекетін үнемі жазып отырады.
Қазақстандық фуболшыны «Челси» 12-ші тамызда 18-ге толғанда ресми таныстырады. Оған дейін ереже бойынша тек оқу-жаттығу жиынына қатыстырып, жолдастық кездесулерге ғана шығара алады. «Челсидың» әр жаңалығын қалт жібермейтін әлеуметтік желідегі парақшалар негізгі құраммен жаттығуда жүрген Дастанның фото-видеосына дейін тауып, «таланатты жас» деп баға беріп жатыр.
«Дастанның дәл қазіргі физикалық формасы өте жақсы. Оған себеп – Қазақстан чемпионаты нағыз қызып тұрған шақта кетті және Англияға көп футболшыдан бұрын барды. Бұл Дастан үшін айтарлықтай басымдық» деген еді «Қайрат» футбол клубының директоры Қайрат Боранбаев.
Инстаграмда 3 миллион оқырманы бар танымал «Rising Ballers» парақшасы Дастанның формасын айрқыша бағалаған. Әсіресе, балтыр бұлшық еттерін танымал ағылшын футболшысы Джек Грилишке ұқсатқан. «Бұл таңғаларлық жағдай. 17 жастағы Дастан Сәтпаев ерекше күшке ие» деп жазды.
«Ақсүйектердің» (ред. «Челсидың» лақап аты) Кобхэмдегі жаттығу базасында «Кроули Таун» командасымен өткен жабық жолдастық кездесуде Дастан Сәтпаев алаңға шықты. Бұл «Челси» тізгінін ұстаған Хаби Алонсоның да алғашқы ойыны. «Челси» 3:1 есебімен жеңді. Джейми Гиттенс және 2-ші таймда Эммануэль Эмега мен Лиам Делап гол салды. Дастан ойынның екінші бөлігінде Реджи Уотсон, Реджи Уолш, Райан Кавуму-Маккин, Калвин Диаките және Генезис Анвимен бірге ойнады.
«Челсиды» маусымалды ресми жолдастық кездесулер күтіп тұр. Аустралиямен Азияға сапарға шығатындар тізімінде Дастаның бар-жоғы әлі нақты айтылмады. «Челси» Сиднейде 28 шілдеде «Вестерн Сидней», 1 тамызда «Тоттенхэммен», 5 тамызда Гонконгта «Ювентуспен», 8 тамызда Жакартада «Миланмен», 9 тамызда Малайзияда «Джохор Дарул Тайзим» және «Исканндар Султан» командаларымен ойнайды. Оған дейін қазақ баласы өзін жан-жақты көрсетеді деген ойдамыз.
Жаттығу барысында жеңіске жеткен құрамның арасынан Дастанды да көріп жүрміз. Коул Палмер, Жоао Педро сынды үздіктермен иық тірестіре бірге ойнап жүрген жас ойыншының болашағына үлкен үмітпен қараймыз. «Chelsea Brasil» парақшасы «Егерде «Челси» ешқайда жібермей, Дастанды дайындайтын болса, онда бізде мықты футболшы болады» деп жазған. Дүниенің әр бұрышындағы «Челсидың» фанаттары Дастанға деген көзқарасы жақсы. Команда тарапынан ойыншыға жасалған ресми қадамды күтеміз.
Еске салайық, Дастан Сәтпаев «Қайрат» сапынан 4 миллион еуроға ауысқан болатын. Бұл Қазақстан футболындағы рекордтық көрсеткіш.
Серік ҚАНТАЙ
Оқи отырыңыз, Қазақ футболының үміті





