ҚР ҰҚК шекара қызметі Панфилов аудандық шекара басқармасы мен Жаркент қаласындағы Х. Хамраев атындағы орта мектеп арасында «Жас шекарашы» үйірмесін ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі меморандумға қол қойды.
Келісім аясында оқушылардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайту, мемлекеттік шекараны қорғау қызметімен таныстыру және әскери мамандықтарға қызығушылығын арттыру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізу көзделген.
Ардагерлермен кездесті
ҚР ҰҚК шекара қызметі Алакөл аудандық шекара басқармасында «5 толқын» бағдарламасы аясында «Ұрпақтар сабақтастығы: шекарашы ардагердің тағылымы» атты кездесу өтті.
Жиынға «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, шекара қызметінің ардагері, запастағы подполковник Абай Әлменұлы қатысып, «Күз – 2026» шақырылымының жас сарбаздарымен жүздесті. Кездесу барысында ардагер шекарашы әскери қызметтегі тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік шекараны қорғаудағы жауапкершілік, әскери тәртіп пен Отанға адал қызмет етудің маңызы туралы әңгімеледі.
Тағылымды басқосу жас сарбаздардың патриоттық рухын көтеріп, әскери дәстүрлер сабақтастығын нығайтуға бағытталды.
Үздік кавалерист
ҚР ҰҚК шекара қызметі Алакөл аудандық шекара басқармасының «Екіаша» шекара бөлімшесінде «Шекаралық бәйге» жарысы өтті.
Сайысқа «Сарқан» шекара бөлімінен 13 кавалерист қатысып, қызметтік аттарымен бірге үш кезең бойынша өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар шекаралық бағдарлау, қарудан ату мен он шақырымдық қашықтыққа жүгіру кезеңдерінде бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша «Екіаша» шекара бөлімшесінің әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Р.Тұрсынбай «Орден» атты қызметтік атымен «Үздік кавалерист» атанды.
ҚР ҰҚК шекара қызметі Жетісу облыстық департаменті





