Бір ай бойы тойланатын әз Наурыз мерекесін Талдықорған қаласына қарасты Мойнақ ауылының халқы айрықша сән-салтанатпен атап өтті. Мерекелік шараға қатысқан Өтенай ауылдық округінінің әкімі Руслан Ырысбекұлы жиналған қауымды ұлтымыздың ұлық мейрамымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Наурыз – ғасырлар қойнауынан мәні мен мазмұны өзгермей жеткен халқымыздың көне дәстүрі. Бүгінде бұл мереке барша жұртты біріктірудің берік рухани діңгегіне айналды. Сондықтан да бүгінгі шараның маңызы зор. Әз Наурыз әр шаңыраққа молшылық пен құт-береке, қуаныш пен бақыт әкелсін. Еліміздің әрдайым еңсесі биік болып, бейбіт өмірде берекелі ғұмыр кешулеріңізге тілектеспін. Баршаңызға амандық, ашық аспан, толайым табыс тілеймін! Ұлыс оң болсын, ағайын!– деді ауыл басшысы.
Осыдан соң әжелер ақ шашу шашып, ақсақалдар ақ батасын арнады. Ауылдық мәдениет үйінің алдында арнайы тігілген ақ боз үйде көпшілікке жеті түрлі дәннен дайындалған наурыз көже таратылып, споршылар ұлттық ойын түрлерінен сынға түсіп, үздіктерді анықтады. Сайыста жастар қол күресі, қазақ күресі, гір көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ сынды спорттың бірнеше ойын түрінен бақ сынасып, топ жарғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал, өңір өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, ауыл тұрғындары мәре-сәре болысты.
Наурыз – ұлық мейрам. Бүгінде түбі бір түркі халықтары арасында әлемнің 30-дан астам елінде тойланатын бұл күннің орны ерекше. Күн мен түн теңеліп, жер беті қайта түлеген осы бір мезгіл халқымыз үшін береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың бастауы.
Ауыл тұрғыны Бақытбек Малгажыдаровтың айтуынша, Талдықорған – Үштөбе күре жолының бойына орналасқан Мойнақ ауылында бүгінде 200-ден астам жанұя, 1100-ге жуық тұрғын бар. Облыс орталығына қарасты бұл ауылға қалалық №23 орта мектеп, шағын балабақша, мәдениет үйі және жаңадан салынған мешіт ғимараты жұмыс жасауда. Бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдері тұратын ауыл халқының бүгінде береке-бірлігі бекем. Сол татулықтың арқасында жарты ғасырлық тарихы бар ауыл қазір жылдан жылға жаңарып-жайнап, өсіп-өркендеп келеді.
Еске сала кетсек, жыл сайын аталған ауыл тұрғындарының өтініштеріне сай ауызсу, жол, жарық басқа да мәселелер кезең-кезеңімен оң шешімін табуда. Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Өткен жылдың соңында Мойнаққа табиғи газ желісі жеткізіліп, қазір әр үйді көгілдір отынмен қамту жұмыстары жалғасуда.
Айдын КӘЛІМХАН