Талдықорған қаласының орталық алаңында Жеңіс күніне орай тағылымды шара өрнек тапты. Мамырдың мамыражай күнімен астасқан мерекелік жиынға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Отан үшін от кешкендердің рухына тағзым етті. Алаңға жиналған жұртшылық үнсіздікпен бас иіп, сұрапыл соғыстың салмағын жүрекпен сезінгендей күй кешті.
Бұл күн расында да елдік сананы жаңғыртатын, ұрпақ жадын серпілтетін тағылымды мезет. Майдан даласында он сегіз жасын отқа ораған, кеудесін оққа тосқан ерлердің ерлігі мен тылдағы аналардың төзімі бүгінгі бейбіт ғұмырдың бағасын терең ұқтырды.

Салтанатты рәсімнен кейін орталық алаңда Жеңіс күніне арналған кең көлемді концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Көпшілік тағатсыздана күткен мерекелік кеш қазақ ән өнерінің інжу-маржанына айналған Ақан серінің «Қараторғай» әнімен ашылды.
Одан кейін «Жетісу» би ансамблі сахналаған «Солдатская пляска» көрерменді сонау сұрапыл жылдарға жетелегендей әсер қалдырды. Әскери ырғаққа құрылған би қимылдары майдан даласындағы қайсарлық пен жауынгер рухын бейнелеп, көрермен қошеметіне бөленді.

Концерт барысында «Жеңіс күні» хоры орындалып, ардагерлерге арналған алғыс әні шырқалды. Сондай-ақ, мерекелік кеште «Алашұлы» тобы орындаған «Батырлар ұраны», «Тұраным», «Киелі мекен», «Атамекен», «Сәйгүлік» сынды әндер елдік рухты асқақтатып, алаңдағы жұртты ерекше тебіреніске бөледі.
Өз кезегінде камералық хор, эстрадалық-симфониялық оркестр және «Туған тел» халықтық би ансамблі бірлесе орындаған әйгілі «Катюша» әні мерекелік кештің әсерін еселей түсті. Кеңес дәуірінен жеткен соғыс әндері – «Синий платочек», «Серая шинель», «Три танкиста», «Ах, Самара-городок» шығармалары да көрермен жүрегін толқытты. Бұл әндер майдан даласының мұңын, сарбаздардың сағынышын қайта тірілткендей әсер қалдырды.

Сахна төрінде тек соғыс жылдарының әндері ғана шырқалған жоқ. Бейбіт өмірді, азат елдің шаттығын дәріптеген туындылар да орындалып, бүгінгі тәуелсіздіктің мәнін ұқтырар ұранды, рухты шығармалар да көрермен көкірегіне сәуле құйғандай әсер берді.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Жетісу өңіріндегі соғыстың соңғы көзі тірі солдаты Ысқақ Құсайыновқа көрсетілген құрмет. 102 жасқа қараған майдангерге арналған арнайы қойылым сахналанып, алаңдағы жұрт батыр қарияны ұзақ қол соғып қарсы алды. Сол сәтте сұрапыл соғыстың тірі куәсі болған қарияның жанарынан мөлдіреген жас көрінді. Жеңістің қандай қасіретпен келгенін көзімен көрген майдангердің жүзінен кейінгі буынға деген сенім мен үміттің шоғы байқалғандай әсерге бөледі.

Талдықорған төріндегі тағылымды кеш ел жадындағы ерлік шежіресін тағы бір жаңғыртты. Көк аспанның астында еркін өмір сүрген ұрпақ үшін Жеңіс күні – тарихқа тағзым, батырларға құрмет, елдік рухқа адалдықтың белгісі болып қала бермек.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Талдықорған қаласы





