«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының қызметкерлері тікелей эфирден тыңдадық.
Биылғы Жолдау тоғыз бағыттан тұрды. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бізге керек заң мен тәртіп басымдылықта болды. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни ол елдің келешегі болмайды. Осы ретте даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген тамаша сөзі ойға келеді.
Қазіргі уақытта ата-аналарды алаңдатып отырған балалардың құмар ойынға баруы сынға алынып, кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсету үшін берілетін жаза қатаңданғаны өте дұрыс шешім болды.
Сонымен қатар көптеген азаматтың мойнында бірнеше несиенің болуы өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан осы бағытта арнайы, банктер туралы заң қабылдануы, борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмай берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік бергені көпшіліктің ойынан шығатын болар.
Бізді басқаратын мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті екендігі рас. Үміткердің қызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін ескерілетіндігі және заң аясында әрекет етіп, берген уәдесін ісімен жауап беруі заңды.
Кәсіптік, білім беру саласына реформа жасау, колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыру іс-тәжірибесі жоқ орта білімді мамандарға еңбек етуіне зор мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Ата-ананың да балалардың білім алуы мен тәртібіне жауапты болатынын айтты. Бұл бала тәрбиесіне жауапсыз қараған ата-аналарға үлкен сабақ.
Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді.
Құқық қорғау органдарына ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне, түрлі экстремистердің, діншілдердің ел арасында іріткі салатын әрекеттерін түп-тамырымен жою да міндеттелінді.
Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігін басты назарда болуын, оған армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екенін баса айтып жеткізгені, келешекте әскерге балаларын жіберетін ата-анаға кепілдік берген сияқты болды.
Экология мәселесіне де тағы бір тоқталған Президент республика аумағында ағаш өскен жердің үлесінің аздығы, табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін орман алқаптарын көбейту қажет екенін ,«Таза Қазақстан» жобасы жалғасын табуы керектігін ұғындырды.
2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп жариялайтынын, осы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдардың қашанда құрметті, сыйлы болуы керектігін ескертті.
Біз, кітапхана қызметкерлері мемлекет басшысының саясатын қолдайтын мекеме ретінде Жолдауды қолдау мақсатында қызмет етеміз
Ғалия ЕШЕНОВА,
Жетісу облыстық Сәкен Сейфуллин
атындағы орталық кітапханасының
бөлім меңгерушісі,
ҚР мәдениет саласының үздігі




