Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисінен спорттық жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Аталған шара «Ауыл» партиясы Жетісу облыстық өңірлік филиалы жанынан құрылған мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның бастамасымен өтті.
Іс-шараның мақсаты – өңірде бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, мүмкіндігі шектеулі жандардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосу. Турнир үстел теннисі орталығында өткізіліп, оған аудан-қалалардан келген азаматтар қатысты. Олар жарыс барысында өзара шеберліктері мен физикалық дайындықтарын сынап, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті.
Жарыс арқылы қатысушылардың бойындағы сенімділікті нығайту, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына жағдай жасау және әлеуметтік бейімделуін қолдау көзделді. Әрбір кездесу жоғары деңгейдегі бәсекелестікпен өтіп, қатысушылардың жеңіске деген жігері мен қайсарлығын танытты. Қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, өзара қолдау көрсетіп, достық қарым-қатынастарын нығайтты. Бұл өз кезегінде олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өз мүмкіндіктеріне деген сенімінің артуына оң ықпал етті.
Жарысқа қатысушылардың айтуынша, мұндай спорттық іс-шара олардың күнделікті өміріне тың серпін беріп, белсенді өмір салтын ұстануға жетелейді. Сонымен қатар, турнир барысында әр қатысушы өз мүмкіндігін толық көрсетуге тырысып, жеке рекордтарын жаңартуға ұмтылды. Мұндай шаралар қоғамдағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға және олардың әлеуетін толық ашуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
«Ауыл» партиясы Жетісу облысының өңірлік филиалы алдағы уақытта да мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалар мен спорттық-бұқаралық іс-шараларды жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл бастамалар өңір тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастарды спортқа баулуға және инклюзивті қоғам құндылықтарын нығайтуға зор үлес қоспақ. Аталған жарыс қоғамда мейірім мен жанашырлықты, өзара қолдауды арттырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы белсенді рөлін айқындай түсті.
Айдана АМАНЖОЛҚЫЗЫ,
ЖУ студенті





