Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезеңде бүтін бір ауылдың тұрмыстық-ахуалын тұралатпауға бар күш-қуатын жұмылдырған кәсіпкер, Талғар ауданының Құрметті азаматы Кенхан Қитаровтың ерен еңбегі ел есінде.
Еламан ауылында 1996 жылы «Дастан» шаруа қожалығын құрып, мал өсіріп, астық, жүгері еккен ол түскен табыстан Қайнар ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор көмек жасағаны тарих бетінде қалды. Ауыл көшелерін асфальттау, мектеп, мешіт салу, тұрмысы төмен отбасыларға жәрдем жасау сынды қыруар істің ұйытқысына айналған Кенхан Рысмағамбетұлының кеңдігіне көпшілік куә. Өкініштісі сол, ел алғысын арқалаған атымтай жомарт азаматтың өмірі қысқа болды. Әйтсе де, «Әке көрген оқ жонар» дегендей, жарқын ісін жалғастыруды қолға алған ұлы Рүстем Қитаровтың да бүгінгі күні табысы артып, тасы өрге домалауда.
– Еңбекқор әкемнің жүріп өткен жолын ой елегінен өткізсем, көпке жақсылық жасауға жаралғандай сезіледі. Осы жолда аянбай еңбек етіп, істің тетігін тауып ұйымдастыра білетін асыл қасиеті бізге өнеге боп қалды. Ауылшаруашылығын дамытып, жермен жұмыс жасаудың қыр-сырына қанықтырды. Жер – адам еңбегін еселеп қайтаратынын танытты. Осы себепті, аграрлық саланың дамуына мен де өз үлесімді қосып келемін, – дейді кәсіп иесі Рүстем Қитаров.
Қазір көктемгі дала жұмыстарының қызған шағы. Бұл жауапты науқанға «Рүстем Констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жетекшілік ететін Рүстем Кенханұлы айрықша әзірлікпен келіп, тиянақты іс-қимыл танытуда. Жер жыртып, топырағын тегістеп, майдалаған техникаларда тыным жоқ. Серіктестік қарамағындағы 340 гектар жердің 200 гектары бидай мен арпа өсетін егіс алқабы болса,100 гектары жайылымдық жер. Ал 25 гектар аумақты алып жатқан көлде балық шаруашылығы қызып келеді.
Төрт түліктің төресі – жылқы өсіруді өзіне кәсіп еткен Рүстем Кенханұлы иелігіндегі 25 бас жылқының қыстан қысылмай шығуы үшін былтырғы күзде 120 орам жоңышқа, 25 тонна арпа, 5 тонна бидай орып, қамбасына құйып алған. Соның нәтижесінде қыстан қоңды шыққан биелері құлындап, қорасы жас төлдің тұяғына толуда. Алдағы уақытта да мал азығының берік қорын жасау үшін 80 гектар жерге арпа, 120 гектарға бидай тұқымын сеуіп, аяқтаған.
Бұған қоса, қыс маусымында Қайнар ауылдық округіне қарасты 12 ауылдың көшелерін қардан тазартып, құм-тұз себу жұмыстарын да тиянақты атқаруды өз жауапкершілігіне алған серіктестік еңбеккерлеріне елдің айтар алғысы шексіз.
Өзі туып-өскен өңірдің гүлденуіне, әлеуметтік-экономикалық ахуалының артуына септігін тигізуді перзенттік парыз санайтын Рүстем Кенханұлы кәсібінің өрісін кеңейте түсуді мақсат етуде.
Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы





