Жіп пен ине, ою мен өрнек арқылы өткеннің өнегесін бүгінгі күнге көркем түрде жеткізіп жүрген ісмерлер елімізде өте көп. Оларға қай тараптан да қолдау көрсетсек жарасымды. Қаратал ауданына қарасты Ескелді ауылында үйінде отырып-ақ кәсібін дөңгелентіп отырған бір жан бар. Оның жұмысы ел ішінде ғана емес, шекара асып шет мемлекеттерге де жеткізіліп жүр.
Күләш Сәметтің қолөнерді жанына серік еткелі 10 жылдан асқан. Бұйымдарын тек аудан көлемінде ғана емес, ел ішінде де сатады, тіпті шетелдіктерге де экспорт жасауда. Ол атажұртына Қытайдан қоныс аударған қандастың бірі. Бала күнінен ісмерлік өнеріне қызығып өсіпті. Бүгінде мұндай жандарға мемлекеттен жан-жақты қолдау көп. Соның арқасында шебер тігін машинасы мен киіз бастыратын қондырғы алып, нәпақасын тауып жүр. Аядай бөлмеде шебердің қолынан шыққан бұйым көп. Аяқкиімнен бастап баскиім, шапанға дейін бар. Заттарының дені киізден жасалған.
– Мен қолөнерді әжемнің жанында жүріп үйрендім. Өсе келе қызығушылығым ұлғая берді. Біз үйдегі тігін, киіз басатын машиналарды Үкіметтің қолдауымен алдық. Киіз басамыз, аяқкиім, әртүрлі заттарды шығарамыз. Көбіне сұраныспен жасаймыз. Теріні Алматы мен Шымкенттен алсақ, жүнді Тараздан сатып аламыз, – дейді қолөнер шебері Күләш.
Адал кәсіп иесінің айтуынша, киізден жасалған бұйымдардың денсаулыққа пайдасы орасан. Киіздің жылуы мен жұмсақтығы, табиғи құрылымы әсіресе балалар аяқкиімінде үлкен рөл атқарады. Тігіссіз әдіспен жасалатын мәсі мен кебістер аяққа жайлы әрі ұзақ уақытқа шыдамды.
Шебердің жанында бірге жұмыс істеп жүрген Гүлсәулеш Қалибек те киіз бұйымдарға деген сұраныстың артып келе жатқанын айтады.
– Ата-бабамыз синтетика қолданбаған ғой. Киіз денеге жылу беретін табиғи материал. Әр бұйымды бабына келгенше қайта-қайта өңдеп, қолмен келтіреміз. Тігіс түспейді, баланың табанына батпайды, – дейді ол.
Кәсіпкер айына шамамен 50-60 жұп аяқ- киім дайындай алады. Ал көрме-жәрмеңкелер шеберлердің негізгі табыс көзінің бірі болып отыр. Күләш Сәметке балалары да қолғабыс жасап, өндіріс жұмысына көмектеседі.
Алдағы уақытта шебер өндіріс аясын кеңейтіп, ұлттық нақыштағы киіз бұйымдарын көптеп шығаруды жоспарлап отыр. Қолөнерге ғұмырын арнаған ісмердің айтуынша, басты мақсат – қазақтың көнеден келе жатқан киіз өңдеу мәдениетін сақтап, ұрпаққа жеткізу.
М. ОРАЛБЕКҰЛЫ







