Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында еліміздің өңірлерінде өнеркәсіптік әлеуетті арттыру, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соңғы уақытта бірқатар аймақта жаңа өндіріс орындары іске қосылып, жолдар жөнделіп, денсаулық сақтау және спорт нысандары пайдалануға берілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Көлік инфрақұрылымы жаңаруда
Шығыс Қазақстан облысында Тереңсай асуын айналып өтетін автомобиль жолы мен Пихтовка өзені арқылы өтетін Қазақстандағы ең биік таулы автомобиль көпірі ашылды. Жаңа нысандар көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді.
Алматы облысында республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолының 74 шақырымдық учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Құны 8,1 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 14 аялдама, 78 жол қиылысы мен кірме жол жөнделді. Күн сайын 1,2 мыңнан астам көлік қатынайтын бұл бағыттағы жол сапасы жақсарды.
Жетісу облысында Мұқыры асуындағы ұзындығы 21 шақырым болатын төрт жолақты автожол пайдалануға берілді. Жаңа жол көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сапар уақытын қысқартуға жағдай жасайды.
Өнеркәсіптік әлеует артады
Алматы облысында тәулігіне 10 тонна ет өңдеуге қауқарлы жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Өндіріс орны өңдеу өнеркәсібін дамытуға және ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттыруға бағытталған.
Түркістан облысында өнеркәсіптік металл конструкциялар мен металл бұйымдарын шығаратын зауыт жұмысын бастады. Құны 1,5 млрд теңге болатын кәсіпорын жылына 100 дана өнім өндіруге қауқарлы. Жаңа өндіріс орны өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Абай облысында 8,4 млрд теңгеге өсімдік майын құю және қаптау цехы ашылды. Кәсіпорын тәулігіне 200 тонна май өндіре алады. Жобаның іске қосылуы 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға, сондай-ақ өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізу көлемін ұлғайтуға жол ашады.
Қарағанды облысында 20,5 мың құсқа арналған заманауи құс шаруашылығы кешені іске қосылды. Нысан жасанды интеллект негізіндегі климатты бақылау жүйесімен жабдықталған. Жаңа кешен құс етінің жылдық өндірісін 250–280 тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандар
Алматы облысының Нарынқол ауылында жаңа емхана ашылды. Медициналық мекеме ауысымына 250 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда күндізгі стационар жұмыс істейді, сондай-ақ заманауи диагностикалық жабдықтар орнатылған.
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының тұрғындарына қызмет көрсететін 148 орындық Гематология орталығы салынды. Нысан құрылысына 33,6 млрд теңге бағытталған. Қаражаттың бір бөлігі мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бөлінген.
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында тұрғындар игілігіне жаңа спорт және балалар ойын алаңдары берілді. Олардың қатарында шағын футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, сондай-ақ воркаут-аймақтары бар. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Қостанай қаласында да жаңа көпфункционалды стадион ашылды. Аумағы 2,9 гектарды құрайтын спорт нысанында 1000 орындық трибуналар, жүгіру жолдары, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары бар.





