Азаматтар мен заңды тұлғалар келісімдерінің заңдық тұрғыдан қауіпсіздігі мен олардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етумен айналысатын нотариустер қауымы съезд өткізіп, өздерінің республикалық деңгейдегі басшыларын сайлады. Барынша ашық, әділ өткен сайлау барысында Республикалық нотариаттық палатаның председателі болып осы салада 23 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан Олег Полумордвинов сайланды.
Жетісу облысы нотариустерінің онлайн форматта өткен жиыны негізінен осы жайтты талқылады. Бір мезгілде жаңа Конституцияның жобасы мен Қазақстанның Қаржы министрі бұйрығының жобасы жайлы әңгіме қозғалып, бұл мәселелер жайындағы пікірлер тыңдалынды.
Онлайн жиынды Жетісу облыстық нотариаттық палатасының төрағасы Арман Бекішбаев жүргізіп отырды. Күн тәртібінде алғашқы қаралатын мәселе жайында сөз қозғаған ол нотариустердің республикалық ұйымының жаңа сайланған төрағасы Олег Полумордвинов жайында қысқаша мағлұмат беріп өтті. Заң саласындағы жалпы өтілі 30, соның ішінде нотариустік қызметте істеген уақыты 23 жылды құрайтын, бұған дейін Республикалық нотариаттық палата Тәртіптік комиссиясының төрағасы (екінші рет сайланған) міндетін атқарып, РНП-нің Үкімет пен Парламенттегі өкілі болып келген азамат нотариат саласының білікті маманы саналады. Бұған оның азаматтық құқық пен нотариат мәселелері бойынша 50-ден астам жарияланымның авторы екенін қоссақ, оның басшылыққа тіпті де сырттан келген адам емесі айқындала түседі.
Мұны онлайн жиын барысында сөз алған нотариустер де нақтылап, қаралып отырған мәселе бойынша пікірлерін білдірді. Мәселен, съезге делегат болып қатысқан нотариус Эльмира Абирова былай дейді:
– Басшылық лауазымға сайлануға 4 кандидатура тіркелген болатын. Шынымды айтсам, Олег Игоревичке емес, одан өзге кандидаттардың біріне дауыс беремін деп ойлап барған едім. Бірақ, алдын ала насихаты қатты жүрген ол адамым көңілімнен шықпады. Көсіліп кетпей айтпақ болған мәселелерін қағаздан оқып берді. Басшы болатын адам айтар ойын қағазға қарамай-ақ еркін баяндап беруге тиіс деп ойлаймын. Ал Полумордвинов болса өз бағдарламасын айқын да түсінікті, әрі қысқа да нұсқа түрде жақсы баяндады және екі жылдың ішінде мемлекеттік тілді міндетті түрде меңгеруге уәдесін берді. Бұл пікірді әріптесі, съезд делегаты Жәмила Имашева жалғастырды. Өз сөзінде ол сайлау үрдісінің ашық та әділ, барлық талапқа сай өткенін мәлімдеді.
– Съездегі сайлау барынша әділ, ашық түрде өтті. Күмән болмас үшін сайлау бюллетеньдеріне 4 үміткердің де қолдары қойылып, нақты есепке алынды. Есеп комиссиясының құрамына мен де кіріп, сол комиссияның төрағасы болып сайландым, – дейді ол. – Бұл жерде ешкімге бірнәрсені бұрмалап, дауыс беру нәтижелерін өзгертетіндей мүмкіндік қалдырылған жоқ. Сөйтіп әр нотариус, кезектен тыс съездің әрбір делегаты өз таңдауын жасады. Жаңылыспасам, үміткерлердің бірі 4, екіншісі 6, үшіншісі 30 дауыс алды. Ал Полумордвинов болса 60 дауысқа ие болды, Оған ешқандай күмән болмауы тиіс. Олег Игоревичті өзіміз өткен біліктілік курстарының лекторы, Тәртіптік комиссияның төрағасы ретінде білеміз.
Қаралған мәселеге орай айтылған пікірлерді Абзалхан Тұрысбекова мен Жұматай Атабаевалар да қолдап, Полумордвинов секілді тәжірибелі де іскер басшыны қолдауымыз керек деген ойларын ортаға салды.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселені де талқыға салған облыс нотариустері замандастарымыздың жағдайын жақсартуға бағытталған ҚР Конституциясының жобасын тұтастай алғанда қолдайды. Сонымен қатар, облыстық нотариаттық палата төрағасының нотариат институтын Конституцияға жеке бап ретінде енгізу жөніндегі ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді.
Онлайн жиында қаралған мәселелер бойынша Шолпан Мурзекенова мен Айнұр Толымбекова, Оксана Войтюк сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ
ардагер журналист





