Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде «Дропперлік пен онлайн алаяқтыққа қарсы іс-шаралар» тақырыбында брифинг өтті. Жиынға облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Мирас Құрбанов қатысып, қоғам үшін аса қауіпті құбылысқа айналған дропперлік туралы жан-жақты баяндама жасады.
Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда қаржылық алаяқтықтың жаңа әрі жасырын түрлері көбейіп келеді. Соның ішінде «дропперлік» алаяқтар үшін ыңғайлы, ал қарапайым азаматтар үшін орны толмас өкінішке алып келетін әрекет.
– Бүгін «Заң мен тәртіп» идеологиясының аясында дропперлік туралы ашық айтып, халықты барынша сақтандыруды мақсат етіп отырмыз. Көп жағдайда адамдар өздерінің қылмысқа қатысып жатқанын түсінбейді. Бірақ заң тұрғысынан жауапкершілік бірдей. Дропперлік – бұл саналы түрде немесе аңдаусыз қылмыстық схемаға араласу, – деді Мирас Құрбанов.
Қарапайым тілмен айтқанда, дроппер өз банктік картасын, шотын немесе реквизиттерін үшінші тұлғаларға пайдалануға беретін адам. Кей жағдайда карта дроппердің атына арнайы ашылады да, сол карта арқылы қылмыстық жолмен алынған қаражат айналымға жіберіледі. Негізгі мақсат – нақты қылмыскерлерді жасыру.
– Дропперлердің басым бөлігі қарапайым азаматтар. Олар алаяқ емес, бірақ алаяқтардың құралына айналып отыр. Қылмыстық табыстарды жасыру үшін дроп-карталар белсенді қолданылады. Бұл интернет-алаяқтық, есірткі саудасы, заңсыз ойын бизнесі секілді ауыр қылмыстармен тікелей байланысты, – деді спикер.
2024 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізілді. Бұл бап бойынша банк реквизиттерін үшінші тұлғаларға беру, сондай-ақ өзге біреудің мүддесі үшін немесе материалдық сыйақы алу мақсатында ақша аударымдарын жүзеге асыру – қылмыс болып саналады.
Енді мұндай әрекет үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған.
– Маңыздысы, енді алаяқтыққа тікелей қатысқаныңызды дәлелдеудің өзі міндетті емес. Егер сіз өз картаңызды жалға беріп, ол арқылы қылмыстық ақша өткізсеңіз бұл жеткілікті негіз. «Білмедім» деу, картаны жоғалтып алдым деп ақталу жауапкершіліктен құтқармайды, – дейді Мирас Мұратұлы.
Мамандардың айтуынша, дропперлікке ең жиі тартылатындар 18–25 жас аралығындағы жастар мен зейнет жасындағы азаматтар. Жеңіл табысқа сену, қаржылық сауаттың төмендігі, интернеттегі жалған ұсыныстар басты себептер.
Алаяқтар өздерін курьер, диспетчер, бухгалтер секілді қарапайым қызметтер ретінде таныстырады. Жұмыс ұсыныстары әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, тіпті танымал хабарландыру сайттарында да жиі кездеседі.
– Жалған жұмыс берушілердің ортақ белгісі бар: нақты талап жоқ, бәрі онлайн, табыс тым жоғары. Күніне жарты сағат жұмыс істеп, айына 500 мың теңге табуға уәде береді. Бұл бірден күмән тудыруы тиіс, – дейді спикер.
Қорытындылай келе, дропперлік деген тағдырды талқандайтын қауіпті жол. Бір сәттік пайда үшін бостандықтан, абыройдан, болашақтан айырылып қалмау – әр азаматтың өз қолында.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





