Еліміздің егемендігін бекіту мен қатар мемлекеттік басқару органдарын құру, құқықтық жүйені және сот құқық қорғау саласындағы өзге де институттарды қалыптастыру Қазақстан Республикасының жаңа тарихындағы аса маңызды оқиғалар еді. 1991 жылы 6 желтоқсанда республика прокуратурасы құрылған кезден бастап ұлттық жоғары қадағалау институтының дамуы белең алды. Прокуратура ең алдымен адамның және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік органдардың заңдылықты сақтауын және елдегі құқықтың үстемдігін қамтамасыз етуге бағдарланды.
Мемлекет басшысына ғана есеп беретін конституциялық орган саналатын қазіргі қазақстандық прокуратураның өзіндік даму үлгісі бар. Біздің еліміз халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жоғары қадағалауды жетілдірудің өз тәсілдерін тұжырымдады. Бүгінде жоғары қадағалау қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында прокуратураның мемлекет атынан жүзеге асыратын басты қызметі есептеледі.
Құқықтық жүйенің қарқынды дамуына байланысты прокуратураның алар орны да қатар өзгеріп отырды. Соның арқасында азаматтар үшін аса сезімтал салалардағы, әсіресе, қылмыстық қудалаудағы қадағалаудың рөлі күшейді. Мәселен, биылғы 1 қаңтардан бастап азаптау туралы қылмыстық істерді тергеуді прокуратура органдары жүзеге асырады. Соған орай прокуратура органдары жыл басынан біршама азаптау туралы қылмыстық істерді тергеді және тиісті іс-шараларды жүзеге асырды.
Жалпы, Қазақстан Республикасы прокуратурасының қалыптасу және даму кезеңіне көз салсақ, қазіргі прокуратураның қалыптасуының бастауында ардагерлеріміз тұрғанын көреміз. Олар прокуратура қызметін құқықтық, ұйымдастырушылық және функционалдық тұрғыдан жетілдіруге, тұтастай алғанда бүкіл қадағалау жүйесін жаңғыртуға атсалысты. Содан қуат алған қазіргі прокуратура қызметкерлері ардагерлеріміз жинақтаған мол тәжірибе мен білімді лайықты жалғастырып, қызметтік парыздарын адал орындап келеді. Сондықтан қызметкерлеріміздің әлеуеті алдағы уақытта да мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға септігін тигізетініне сенеміз.
Сарыөзек гарнизоны әскери прокуратурасының ұжымы барлық прокуратура органдарының ардагерлері мен қызметкерлерін Прокуратура күнімен құттықтайды.
Жанболат Аекенов,
Сарыөзек гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі
Фото: gov.kz





