Жетісу облысында жануарлар дүниесін қорғау және заңсыз аңшылықты тоқтатуға бағытталған республикалық «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс полицейлері «Казавиаорманқорғау» және орман шаруашылығы инспекторларымен бірге кешенді рейдтер ұйымдастыруда. Оның ішінде әуе бақылауы да бар. Осындай патруль кезінде Кербұлақ ауданының Қарашоқы ауылы маңында аңшылық аймаққа бет алған УАЗ көлігі тоқтатылды. Көлікті басқарған 65 жастағы тұрғыннан құжаттары жоқ екі аңшы мылтығы – 12 және 16 калибрлі қару тәркіленді. Ол қаруды сақтау және алып жүруге рұқсат құжаттарын көрсете алмаған.
Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін аудандық полиция бөліміне жолданды.
Биылдың басынан бері Жетісу полицейлері тіркелмеген қаруды заңсыз сақтау мен тасымалдауға қатысты 50 фактіні, сондай-ақ браконьерлік пен экологиялық заңнаманы бұзудың 23 дерегін анықтады.
Полиция заңсыз қару айналымының азаматтар мен табиғат қауіпсіздігіне үлкен қатер екенін атап өтіп, тұрғындарды табиғатты қорғауға және құқық бұзушылықтар туралы дер кезінде хабарлауға шақырады.





