Бейжің қаласында өткен жиында Қазақстанның ресми делегациясы Халықаралық медиация ұйымын құру туралы конвенцияға қол қойды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Аталған құжат еліміздегі медиаторлардың халықаралық әріптестік аясын кеңейтіп, әлемдік тәжірибені игеруіне, кәсіби деңгейін жетілдіруіне тың серпін береді. Конвенция дауларды реттеудің заманауи тәсілдерін енгізуге, мемлекетаралық дауларды шешу тетіктерін жетілдіруге және еліміздегі медиация институтының әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Мәмілеге негізделген дауларды шешу тәжірибесін кеңінен дамыту Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтереді. Алдағы уақытта министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, еліміздің заңнамасына сәйкес конвенцияны ратификациялауға қатысты қажетті рәсімдерді жүзеге асырады. Медиация институтын дамыту және осы саладағы халықаралық серіктестікті кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Қазіргі таңда аталған халықаралық құжатқа 45 мемлекет қол қойып үлгерді. Медиация – даулы мәселелерді сотқа жеткізбей, екі тараптың мүддесін ескере отырып, бейбіт жолмен шешудің тиімді құралы. Мұндай халықаралық келісімдер құқықтық саладағы озық әдістемелерді елге әкелуге және қоғамдағы келісімді сақтауға септігін тигізеді.





