Талдықорғанда TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданған 44 жастағы әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицияның мәліметінше, ол бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін екі рет жауапқа тартылған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында TikTok платформасындағы тікелей эфирден бейәдеп сөздер қолдану дерегі анықталған.
Тексеру кезінде құқық бұзушылық жасаған әйелдің Талдықорған қаласының тұрғыны екені және бұған дейін де осыған ұқсас әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Полиция жинақталған материалдарды сотқа жолдады. Сот әйелді кінәлі деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Кәмелетке толмаған балалары бары ескеріліп, оған айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Полиция өкілдері әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды заң талаптарын сақтауға шақырды. Қоғамдық ортаға бағытталған тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер қолдану әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу жұмыстарын жалғастырады.





