Текелі қаласында қараусыз мал жаю, мал ұрлығы мен жол қауіпсіздігі саласындағы бақылау күшейтіліп, ауқымды тексеру басталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Шаһар әкімдігі мен қалалық полиция бөлімі бірлесіп, елді мекен аумағында иесіз жүрген төрт түлікті анықтау, көшелердің тазалығын сақтау және ұрлық қаупін жою бағытында арнайы профилактикалық әрі рейдтік іс-шараларды қолға алды. Мамандардың айтуынша, көшелерде қараусыз жүрген жануарлар жол-көлік оқиғаларына тікелей себепші болып, тұрғындардың мүлкіне айтарлықтай залал келтіреді.
Ортақ ережелерге сәйкес, қала көшелерінде, саябақтарда, көпшілік пайдаланатын орындарда, автокөлік және теміржол бойында мал жаюға қатаң тыйым салынған. Сондай-ақ өзен жағалаулары, су қорғау белдеулері мен санитарлық аймақтарға да жануарларды жіберуге болмайды. Төрт түлікті жайылымға апарып-әкелу кезінде оларды қараусыз қалдыруға немесе жауапты тұлғасыз жолға шығаруға үзілді-кесілді шектеу қойылған.
Мал иелеріне жүктелетін заңды жауапкершілік өте қатаң:
-
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабына сай, жануарларды жаю қағидасын бұзғандарға үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 12 975 теңге айыппұл салынады;
-
Егер қараусыз қалған түлік біреудің бақшасын таптап, көлігін сырып немесе өзге де жеке мүлкіне залал келтірсе, айыппұл көлемі он айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайып, 43 250 теңгені құрайды;
-
Оған қоса зардап шеккен азаматтарға келтірілген барлық шығынды мал иесі өз қалтасынан толық өтеуге міндеттеледі.
Мәселенің өзегі тек айыппұлда емес, азаматтардың қауіпсіздігі мен өркениетті орта қалыптастыруда жатыр. Қараңғы уақытта күре жолға кенеттен шығып кеткен сиыр немесе жылқы жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне үлкен қатер төндіреді. Мұндай оқыс оқиғалар ауыр жарақаттарға немесе адам өліміне әкеліп соғатын жағдайлар аз емес. Сонымен қатар қараусыз қалған жануарлар мал ұрыларына оңай олжаға айналып, иесінің жылдар бойғы еңбегін бір сәтте жоқ қылады.
Қала тұрғындары арнайы бақташы жалдап, төрт түлікті бекітілген ортақ жайылымдарға ұйымдасқан түрде шығаруды үйлестіргені абзал. Жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар бірлесе әрекет еткенде ғана көше тазалығы сақталып, оқыс оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік туады. Сауатты көзқарас пен жауапкершілік әр азаматтың өз ауласынан басталуы шарт.





