Құқық және экономика факультетінің студенттері Талдықорған қаласы прокуратурасының мемлекеттік айыпты қолдау бөлімінің аға прокуроры Дана Сәрсенбаймен кездесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесуді әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев жүргізіп, Дана Нұрланқызы елімізге танымал жас прокурор, Жетісу университетінің түлегі екенін атап өтті.
«Дана Сәрсенбай – жаңа буын прокурорларының өкілі. Өздеріңіз білесіздер, Дана қоғамда үлкен резонанс тудырған Шерзат Полат ісінде мемлекеттік айыптаушы ретінде қызмет атқарды. Өз ісінің кәсіби маманы ретінде танылып, көпке үлгі болды. Бүгінгі кездесуде Дана Нұрланқызы сіздерге «Заң мен тәртіп – еркін болашақ кепілі» тақырыбында дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөліседі және сұрақтарыңызға жауап береді», – деді проректор Б.Сериев.
Дана Сәрсенбай дәрісінде қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету, прокуратура саласындағы қызмет қағидаттары, қоғамдық мүддені қорғау, әділ сот процесін қамтамасыз ету, заң нормаларын қатаң сақтау, құқықтық реформалар мен заманауи үрдістер туралы кеңінен баяндады.
Сонымен қатар, ол прокурор эмоцияға берілмей, заң тілімен сөйлеуі керектігін атап өтті және студенттердің прокурордың негізгі міндеттері, қызметтік мансап жолы мен құқықтық сауаттылыққа қатысты сұрақтарына жан-жақты жауап берді.







