Жетісуда патрульдік полиция жол қозғалысы тәртібін сақтау мәселесіне ерекше назар аударды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Жетісу облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны 2025 жылдың алғашқы он айында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс жүргізген.
Бақылау және қадағалау шараларының нәтижесінде 38 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. Оның ішінде адам өміріне тікелей қауіп төндіретін ауыр құқық бұзушылықтар да бар.
Есептік кезеңде жол-көлік оқиғаларына әкелетін өрескел заңбұзушылықтарға басымдық берілді. Соның ішінде:
– мас күйінде көлік басқарған 143 жүргізуші анықталды;
– жылдамдықты асырудың 21 мыңнан астам дерегі тіркелді;
– қарсы бағытқа шығу бойынша 118 факті тіркелді бұл ең қауіпті бұзушылықтардың бірі;
– 2 мыңнан астам жүргізуші көлік айдап келе жатып мобильдік телефон пайдаланған;
– 3 мыңнан астам жаяу жүргінші жол ережесін елемеген.
Полиция кез келген құқық бұзушылық үшін жауапкершіліктен жалтару мүмкін еместігін еске салады. Жол қозғалысы ережелері формалды талап емес, адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды нормалар. Сондықтан жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге мұқият болу, белгіленген тәртіпті қатаң сақтау қажеттігі ескертіледі. Тек ортақ жауапкершілік пен жоғары жол мәдениеті арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірін қорғау мүмкін болады.





