Жетісу облысының полицейлері отбасында жанжал шығарған 67 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Тәртіп бұзғандар рейд барысында анықталды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Төрт күннен бері жалғасып жатқан шараға 400-ден аса полиция қызметкері, Ұлттық ұлан сарбаздары мен офицерлер тартылған. Олар қоғам белсенділерімен ішімдікке әуес тұрғындардың үйіне барып түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Ойын-сауық орындарын, компьютерлік клубтарды тексереді. Бейсауат жүрген балалардың ата-аналарына да тиісті шара қолданады.
«Отбасылық жанжалдарда ұсталған дебоширлер профилактикалық есепке қойылады. Және учаскелік инспекторлар тарапынан тұрғылықты мекен-жайы бойынша тұрақты тексеріледі. Сонымен қатар осындай фактілер бойынша жиналған материалдар құқық бұзушыға қатысты түпкілікті шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі», — деді ПД ресми өкілі Меруерт Морякова.
Фото: zberovski.ru





