Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов пен Республикалық нотариаттық палата Төрағасы Олег Полумордвинов маңызды кездесу өткізіп, сот жүйесіне білікті мамандарды тарту мәселесін талқылады. Кездесуге Кеңес мүшелері, аппарат қызметкерлері және Республикалық нотариаттық палатаның атқарушы директоры Гүлнұр Рыспекова қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Дмитрий Малахов судьялар корпусын қалыптастыру тәсілдері қайта қаралғанын, соның ішінде сабақтас құқықтық мамандықтардан мықты заңгерлерді тартуға басымдық берілгенін атап өтті. Кеңес Төрағасының пікірінше, нотариат корпусы болашақта судьялар қатарын толықтыра алатын ең дайын резервтердің бірі саналады.
«Біз нотариат корпусын болашақта судьялар қатарын толықтыра алатын ең дайын резервтердің бірі деп санаймыз. Тәжірибелі нотариустар теориялық даярлықпен қатар, мұрагерлік, жер және корпоративтік құқық сияқты күрделі салаларда терең қолданбалы білімге ие, бұл азаматтық юрисдикция соттары үшін айрықша маңызды», – деді Дмитрий Малахов кездесу барысында.
Тәжірибелі заңгерлердің сот жүйесіне келуі шешімдердің сапасын арттырып, істерді қарау мерзімін тиімді етуге септігін тигізеді. Өз кезегінде Республикалық нотариаттық палата өкілдері институционалдық өзара іс-қимылды дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, тұрақты кәсіби диалог құрудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ сот жүйесінің кадрлық әлеуетін қалыптастыру бағытында бірлескен жұмысқа дайын екендерін жеткізді.
Аталған бастамалар сот билігі мен нотариат қауымдастығының жүйелі өзара іс-қимылы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Құқық қолдану қызметінде нотариустардың практикалық тәжірибесін тереңірек ескеру заңнаманы қолданудың бірыңай тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді. Түптеп келгенде, атқарылып жатқан жұмыстар еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қызмет етпек.





