Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында «Инклюзивті ассам-блея» жобасы аясында «Рух күші» атты спорттық іс-шара өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық жарыста «Шоудаун» үстел теннисі және «Достық» эстафетасы болды.
Қатысушылар өз ерік-жігерін, табандылықтарын анық көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша «Шоудаун» үстел теннисінен 1-орынды Ербол Атейбеков, 2-орынды Асқар Наранхуу, 3-орынды Аруна Балабекова алды. Ал «Достық» эстафетасы бойынша 1-орынды Нұртас Ерболұлы, 2-орынды Дильфируза Омарбаева және 3-орынға Денис Шурупов, Мадияр Аман, Раяна Ақылбай ие болды.
– Бұл – үлкен бастама. Қоғамдағы әр адамға барынша көңіл бөлу керек. Дәл осы шараны тағы да жалғастыруға ниеттіміз. Бүгінгі жарыстан түйгеніміз өте көп. Соны алдағы уақытта пайдаланбақпыз, – дейді «Қоғамдық келісім» ҚММ директорының орынбасары Айдос Игенбай.
Іс-шара әлеуметтік байланыстарды нығайтуға және инклюзия құндылықтарын ілгерлетуге бағытталған маңызды алаңға айналды.
– Өзім 2022 жылдан бері «Шоудаун» үстел теннисімен айналысамын. Бұл адамға ерекше сезім сыйлайды, ойдың жылдамдығы, есту қабілетінің жақсаруына себепші. Зағиптарға арналған ойын 1960 жылы Канадада пайда болса, біздің елімізде кейінгі жылдары қарқынды дамып, жаттығатындар саны артты. Бәсекелестік жақсы, – дейді жарысқа қатысушы Ерік Әтенбеков.
Дәл осындай шаралар спортшының сенімділігін арттырып, қоғам өміріне араласуына жол ашады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта инклюзивті спорт түрлерін дамытып, тағы да бірнеше шара ұйымдастыруға ниетті.
Серік ҚАНТАЙ





