Күндердің бір күнінде қоян, бақа, кірпі, үйрек дос болыпты. Олар бір аулада тату-тәтті ойнайды. Ары-бері жүгіріп көбелек қуады. Бірақ кірпі тез ілесе алмай шалынып жығылады да дөңгеленіп барып оларға соғылады. Кірпіге ренжіген достары «болды, енді сенімен дос болмаймыз, сенің инелерің бар, біз көбелекпен дос боламыз», – деп оны тастап кетеді.
Кірпі ренжісе де, оларға деген достығын қимай, жолдарына ұзақ қарап тұрды. Өзінің ініне келіп: «Мен сүйкімсізбін, менің ешқандай сұлулығым да жоқ, үстім толған ине. Мен өзгелерге тек зиянымды ғана келтіремін», – деп күйінеді.
Кеш бата бастады. Алысқа ұзап кеткен қоян, бақа, үйрек, көбелектің желпіген қанатына тамсана қарап, аяқ астыларына қарамай жүре береді. Бірде қоян «Ой-ой-ой аяғым, құтқарыңдар мені», – деп бақырып сала береді. Қараса, қоянның аяғы қақпанға түсіп қалыпты. Қоянды көрген бақа мен үйрек шошып кетеді. Бақа мен үйрек қақпанды ашамыз деп ары тартады, бері тартады. Бірақ ештеңе жасай алмайды. Амалдары таусылған олар айқайлап «көмектесіңдер!» деп айналаға жар салады. Өзінің інінде жабырқап отырған кірпі дауысты ести сала солай қарай ұмтылады. Кірпі олардың басқан іздерінің соңымен жылдамдата қозғалады. Ақыры оларды тауып алады. Қоянның қақпанға түскенін көрген ол ойланбастан бір инесін суырып ала салып, кілт тесігіне тығып құлыпты ашып жібереді. Аяғы ауырған қоян қақпаннан босатыла орнынан тұрады. Сол кезде өздерінің қателіктерін түсінген қоян, бақа, үйрек кірпіден кешірім сұрайды. Кірпі оларды кешіріп, бақаға күн сәулесі өтпейтін баскиім тігіп береді. Қақпанды ашуға көмектесемін деген үйректің төрт қауырсыны түсіп қалған екен. Оны да кірпі инесімен тігіп береді. Олар өте қуанышты жағдайды бастан өткереді. Осылай достықтары жарасқан қоян, үйрек, бақа, кірпі енді ешқашан ажырамастай тату-тәтті өмір сүретін болыпты.
Айман КӘРІПБАЕВА
Ескелді ауданы




