Жамбыл ауылындағы №2 орта мектебінде Жамбыл бабамыздың шығармашылығын дәріптеу мақсатында «Жүз жасаған бәйтерек» атты тағылымды шара өтті.
Онда мектеп үшін екі үлкен қуанышты жайт орын алды. Оның бірі – білім шаңырағынан «Жыр алыбы – Жамбыл» мұражайының ашылуы еді. Оның салтанатты ашылу рәсімін атқару ақын ұрпағы, «Жамбыл Жабаев» мұражайының директоры Мәулен Қожашев пен «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызына тапсырылды.
Мұражайға ұлы тұлғаның жеке заттары, экспонаттар, өте сирек кездесетін фотосуреттер мен кітаптар, Елбасымыздың кітаптарына арналған сөре қойылған.
Екінші қуанышты жайт – аудандық жас ақындар мектебінің ашылып, оның жетекшісі болып мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, аудандық және облыстық байқаулардың жүлдегері, ақын Сабет Нұраковтың тағайындалуы болды. Осындай елеулі оқиғалардан басталған іс-шара әрі қарай «Жүз жасаған бәйтерек» атты концерттік әдеби кешпен жалғасты. Әдеби кешті Қаскелең мәдениет колледжінің оркестрі ашты. «Адай», «Қос алқа», «Балбырауын» күйлері орындалды.
Мектебіміздің оқушысы, көптеген байқаудың жеңімпазы Марат Айым Орысбай Әбділдәұлының сөзіне жазылған Жолдасхан Құрамысовтың «Майтөбе» әнін, Жамбыл Жабаевтың сөзіне жазылған Жолдасхан Құрамысовтың «Менің пірім – Сүйінбай» әндерін орындады.
Осынау қуанышты сәтте құттықтау тілегін жеткізген Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Такимова мұражайға Жамбыл Жабаевтың портреті мен 4 кітабын сыйға тартты.
Ақын ұрпақтары жыр алыбы туралы естеліктерімен бөлісіп, Жамбылдың сирек кездесетін құнды кітабын мектеп мұражайына тарту етті. Ардагер ұстаздар мен келген қонақтар жылы лебіздерін білдірді.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының кітапханашылары Бикамал Терлікбаева мен Мадина Мырзахметова мұражайға екі тілде жазылған «Жамбыл Жабаев шығармаларының жинағы» атты 1946 жылы шыққан кітапты сыйға тартты. Ақын Ермек Жұматаев та «Күншуақ» кітабын тарту етті.
Шолпан Оспанова,
№2 орта мектебінің
директоры
Қарасай ауданы





