Биыл елімізде ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Қазыналы Қарасай жерінде де онлайн түрде Абай атамыздың мерейтойына байланысты сан алуан кеш пен кітап көрмелері, бас қосулар ұйымдастырылып, жас ұрпақтың санасында ізгі ізін қалдыруда. Соның бірі – аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған конференция.
Шара «Абай дана, Абай дара қазақта» деген тақырыппен барлық санитарлық ережелерді сақтай отырып, аудандық орталық кітапханада өтті. Ұлы Абайды барынша танып-білуге, шығармаларының мән-мағынасын одан әрі көңілге түйіп, жүрекке орнықтыруға арналған конференцияны аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы кіріспе сөзбен ашып, жиынның мақсат-міндетін жұртшылыққа кеңінен тарқатты.
Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Гүлжан Дүйсенова сөз алып, туған елі, қалың қазағы барда Абайдың мәңгі жасайтынын айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде сөз алған ардагер ұстаз, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының алқа мүшесі Ақлима Көсемова қазақтың данышпан ақынының шығармашылығына жан-жақты шолу жасады.
– Өздеріңіз білетіндей, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын мақаласын жариялады. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы руханимәдени істердің легін өзі байыпты бастап берді. Абай – біздің жол көрсетер темірқазығымыз. Өз ұлтын жанындай сүйген оның бүкіл шығармашылығының өзегі, арқауы – адамдық, адалдық, әділеттілік, имандылық, ізгілік, игілік, қайырымдылық, мейірімділік. Сонымен қатар, ол өлеңдері мен қарасөздері арқылы туған халқының бойындағы жаман қасиеттерін де өткір сынға алды. Ондағы ойы – болашақ ұрпақ рухы биік, білімді, тәрбиелі, еңбексүйгіш, тірлікке икемді болса деген тілек, – деді ол.
Сондай-ақ, Абайдың лирикасы, сатиралық өлеңдері, табиғат мерзімдеріне арналған жырлары, қарасөздері, поэмалары туралы кеңінен баяндама жасады. Бұдан соң ортаға аудандық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева шығып, облыс бойынша жарияланған «Абайға арнау» мүшәйрасына жіберілген өлеңдерден құрастырылған «Адамзаттың Абайы» атты кітапты таныстырды. Оның ішіне қарасайлық үш ақынның өлеңі кіргізілгенін, бас жүлдені қазақтың тамаша ақыны, ауданымыздың тұрғыны Исраил Сапарбай жеңіп алғанын мақтанышпен жеткізді. Жиын барысында ардагер ұстаздар Жақан Нұрсейітқызы, Нағима Сағатова сөйлеп, Абай тағылымы, Абай тәрбиесі, Абай өнегесі туралы өздерінің ойпікірлерін ортаға салып, осындай орасан ой қуатын сыйлаған басқосуды ұйымдастырған аудандық «Қазақ тілі» қоғамына ризашылығын білдірді.
Конференцияны Шара Қанатқұлқызы қорытындылап, қатысушылардың барлығына да рахметін айтты, осындай шараларға үнемі белсене қатысып жүрген азаматтарға Алғыс хат тапсырды. Соңында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары Абайдың адам жанын әлдилейтін «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ» сияқты керемет әндерін шырқады. Ал Абай атындағы мектеп-гимназия оқушылары болса, данышпан ақынның өлмес, өшпес өлеңдерін нақышына келтіріп оқып, өздерінің ұлы Абай жолымен жүруге талпынып келе жатқандарын анық аңғартты.
Берікбай ҚАДЫҚОВ
Қарасай ауданы





