Талғар ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі Б.Момышұлының 110 жылдығына орай эссе жазудан жарыс ұйымдастырды. Ондағы мақсат – батырдың биік тарихи тұлғасын тереңірек тану, оның өнегелі ерлігін бүгінгі ұрпаққа барынша үлгі ету.
Алдын ала жарияланған эссе, мақала, арнау номинациялары бойынша бөлім қызметкерлерінің балалары арасында ұйымдастырылған жарысқа 30-ға жуық жұмыс келіп түсті. Барлық шығармалар аты аңызға айналған, батырлықтың ерен үлгісі болған Бауыржан Момышұлының тағылымды һәм асқақ рухты дәріптеген кемелді ғұмырын насихаттауға бағытталған.
– Бауыржан атамыздың аты Мәскеу түбінде 1941 жылдың күзінде жарқ етіп шыға бастады. Содан бері есімі ел жадынан өшпей, қайта жыл өткен сайын жарқырай түсуде. Шындығында, сіздер, оқушылар, қазір бір-бір бауыржантанушыларсыздар ғой. Біраз ізденіс жүргіздіңіздер. Сіздердің саналарыңызда Бауыржанның бейнесі жарқырай түсті. Сол үшін де біз атамызға қарап бой түзеп, елімізді сүюге ұмтылуымыз қажет. Дәл қазір сіздер өз елдеріңіздің патриоты болуға осы байқауға қатысу арқылы батыл қадам жасап отырсыздар. Әрқайсыңызға Бауыржан атамыздың даңқындай бақ тілеймін, – деді Талғар ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Айдар Болатұлы.
– Мен үшін бұл жарыста жүлдеге ілігу – үлкен мәртебе. Мұндай сайыстар бізге, оқушыларға, өзімізді шығармашылық бағытта сынап көруге үлкен мүмкіндік береді. Бауыржан Момышұлы сынды ұлы тұлғаға арналған шығарма жазу және бұл үшін есімдері Қазақстан тарихына еніп үлгерген білікті жазушылардан, журналистерден жақсы баға алу – тағы бір жеңіс,– дейді жеңімпаз Альмира Серік.
Жиын соңында барлық жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





