Талдықорған: +11°C
$ 510.84
€ 579.70
₽ 6.39
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР РУХАНИЯТ

КӨЛІК ҚҰРАҒАН КОМПОЗИТОР

08.02.2025
РУХАНИЯТ
КӨЛІК ҚҰРАҒАН КОМПОЗИТОР

Құдай адамды өнерсіз, қабілетсіз, ойсыз етіп жаратпаған. Шындап келгенде жұмыр жүректі пенденің қолынан келмейтін ештеңе жоқ. Махаббат қойып, ықыласпен істелген іс түптің түбінде өз жемісін береді. Тек үздіксіз қам-қарекет, көздеген мақсат болса болғаны. Біз бұл мақалада текелілік талантты жігіт жөнінде әңгімелемекпіз.

Талапсызда талант болмайтыны бесенеден белгілі. Адам сол жүрегіндегі ізгілік дәнегін гүлдендіре білсе ғана таланты ашылып, тағылымдана түспек. Тағдырға сенетін қауымның сол тағдырды өз қолымен өзгертуге болатынына да илана білгені абзал. Халықтың «тағдырың өз қолыңда» дейтіні де сондықтан. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың» дейтін тәмсілі бар емес пе еді?! Осы ретте сөзі түзу, мінезі жайдарлы, тағдыры нұрлы, қолының ұшы тиген жерді әрлендіріп жіберетін Жандос Дәуренбеков есімді азаматпен таныстық. Оның қолынан келмейтіні жоқ. Қай салаға салсаң да ұршықша иіріп әкететініне кәміл сендік. Әрине, істеген ісін көріп барып.

Жандос Кербұлақ ауданының тумасы. Туған жері Сары-өзек болғанымен өскен ордасы Текелі қаласы. Ол осы жерде №5 қазақ орта мектебінде білім алып, әрмен қарай оқуын кәсіптік колледжде жалғастырады. Бұл оқу ордасында жүріп «көлік жүргізуші», «шаштараз», «дәнекерлеуші» сынды 3 мамандықты қатар игеріп шығады.

– Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз екені анық қой. Санамда үнемі мынандай ой жүреді «Осы адам жасағанды  мен неге жасай алмаймын?!» деген. Іштей осылай өз-өзіме жігер сыйлаймын да кез-келген дүниені лезде игеріп кетем. Менің екі ұл, бір қызым бар. Ұлдарымның шаштарын өзім аламын. Шаштараз болып Қарабұлақ ауылынан бастаған болатынмын. Кейіннен Алматы, Астана қалаларында осы кәсіпті дөңгелентіп көрдім. Табысым жаман болған жоқ. Бірақ іштей өз-өзіме таңдау жасаттым. «Иә, шаштараз болып жүре бересің, не болмаса өнерге түбегейлі бет бұрасың» деген үлкен сұрақ қойдым. Қазақта «қызтеке» деген ұғым бар ғой. Негізі сол дүниені жеке басым жек көрем. Шаштараз болып жүре берсем қолым жұмсарып,  нәзіктікке қарай бейімделіп бара жатқан сияқты көріндім. Сондықтан осы кәсібімнен бас тарттым. Бұл жол ұнамады маған, – дейді ол. Жас жігіт осылай шешім жасайды да араға көп уақыт салмай әскерге сұранып, Отан алдындағы борышын өтеуге кетеді. Міндетін атқарған соң келісімшартпен әскери қызметте қалады.  Жандосқа ішіндегі өнері онда жүргенде де тыным бермейді. Ақындық, композиторлық қабілеті оянып, патриоттық әндер шығара бастайды. Кейбір кезде сарбаздар шығарған әндердің мәтінін өзгертуге атсалысқан екен. Ол әндерінің көбі әскерде шығарылғанын айтады.

– Байқағаным, Қазақстанда әскери-патриоттық әндер жоқтың қасы. Әуелде «мен неге жазбаймын?» деген ой болды. Елге өшпес рухани дүние қалдырғым келгеннен болар, бәлкім. «Барлаушылар», «37 десант мыңдығы», «Бізден басқа ешкім емес» сынды, тағы басқа тақырыптарда 5-6 ән жаздым. Дегенмен, әскерде жүргенімде өзіме рухани азық қажет екенін түсіндім. Әскери қызметімді аяқтадым да, Текелідегі Мәдениет үйіне жұмысқа тұрдым. Жаным осы жерден рахат тапты, – дейді Жандос Серікұлы.

Талапшыл жігіт жұмыс істей жүріп домбыра мамандығы бойынша І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде білім алады. Гитарамен ән салуды да үйренеді. Көбіне көше әндерін шырқап, сауық қылғанды көңіліне медет етеді. Қазіргі уақытта ол жергілікті ақын, композитор кісілердің әндерін өңдеп, елге танытып жүргенін айтады. Ондағы бар мақсаты ұмыт болып бара жатқан туындыларды сақтап қалу. 

Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Мэлс Керейбаевтың 500-ден аса әні бар екен. Бірақ оның көп әндері кітап бетіне түсіп, қалып кеткен көрінеді. Композитордың табиғаты момын болғандықтан шығармаларын жарыққа шығарам деген ойы болмаған сыңайлы. Ал Жандос болса осы әндерді елге танытуға күш салып жүргенін сөз етеді.  

– Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай Мэлс Керейбаевтың «Тоқымашы қарындас» әнін халық назарына ұсыну жоспарда тұр.Елімізде арнайы тоқыма тоқу орталығы жұмыс істемесе де кейбір қыз-келіншектер осы іспен әлі айналысады. Оларды да жұмысшы мамандыққа жатқызуға болады ғой. Солардың құрметіне осы туындыны ел назарына ұсыну керек деп ойлаймын. Өмірім көпқабатты үйде өткенімен жер үйге қатты қызығатынмын. Кеңес заманында салынған үйлердің көбінің пеші үйдің ортасына салынған. Оның ысы бүкіл үйдің ішіне тарайды. Бұрын-соңды істеп көрмесем де іштегі пешті сыртқа шығарып, жеке бөлме жасап қайта орнаттым. Бірақ қыс айларында көмір жаққан кезде 8-9 тонна қатты отынды далаға жақтым. Сол дүние басыма тиіп сабақ болды. Экономпеш пен қолданып отырған пештің айырмашылығын зерттей бастадым. Экономпеште ауа сорып, шығаратын арнайы құрылғысы болады екен. Ал мен өз ошағымның түтін шығатын жеріне арнайы қақпақ орнатып, келер қыстан 4 тонна отынмен шығып кеттім. Көмірді 2 есе үнемдедім, – деп талант иесі өзінің бір қырын тағы танытып өтті. 

Жандостың бала кезден немістің Volkswagen Passat көлігін алсам деген арманы болады. Есейгенде де оның жаңасын сатып алуға қаражаты мүлде жоқ еді. Сол замандарда оған көп ешкімнің қолы жете бермейтін. Тек Mazda, «Жигули» сынды көліктер көп-тұғын. Жас жігіт аңсаған машинама қалайда қол жеткізем деген ойды санасына мықтап бекітеді. Армандаған Passat 4-ші көлігі болып бұйырды. Бірақ ол көліктің сау жері жоқ еді. Сан рет жол апатына түскен көлік болады. Көліктің сүйегі майысқан болатын.  Шындығында ол көлікті зерттеу мақсатында алады. Бірден оның моторын шашып, құрылымына жіті назар аударып, қайтадан жинап, орнына келтіріп қояды. Келесі жылы тағы да машинаның ішкі бөлшектерін шашып қойып қояды, ондағы бар ойы көліктің жаңа сүйегін тауып, оны қайта құрап шығару еді.

– Мәдениет саласы оймен алысып жүріп шаршайтын сала болса, машина құрау физикалық тұрғыда шаршататын еді. Соны өзім қаладым. Қаратал ауылында Арыстанбек деген кісі көлігінің моторын өртеп алады. Машинасын сатуын өтініп алдына бірнеше рет бардым. Бағасына келісе алмай алдына барып сан рет кері  қайттым. 4-5 ай өткен соң қарасам ол кісі әлі сатпапты. Өтпеген ғой. Тағы қолқаладым, менің ұсынған бағама келісуін сұрадым. Осы жолы бас тартпады. Ол көліктің бояуы кеткенімен сүйегі аман болатын. Бұдан іштей жақсы көлік құрап алатыныма сендім. 200 мыңға сатып алдым. Ескі көлігімнің сау заттарын жаңа машинаның сүйегіне жинап шықтым. 400 мыңға бояттым. Қандай суықта да көлігім бір қатып, жұмыс істемей қалған емес. Сынып, бұзылған жоқ. Иномаркалардан кем емес. Бір жыл ішінде құрап шықтым. Білім алу мақсатында жасаған тәжірибем өз нәтижесін берді, – дейді қолы шебер Жандос. 

Құраған көлігін көріп таңғалыстық. Өзі айтқандай, жаңа машиналардан еш кем емес. Салоны да, моторы да зауыттан шыққандай жарқырап-ақ тұр. Қазақ азаматының қолынан келгеніне іштей қуандық.

«Қазанаттың жолында жазық та бар, ор да бар. Ер жігіттің жолында бақыт та бар, сор да бар» дейді кемеңгерлер. Бастысы, орға да жығылмай, сорға да жолықпай елге үлгі болатын азаматтардың қатары сиремесін дейміз.
 

Медет ЖҰМАБАЙ
Текелі қаласы

Фото: https://www.youtube.com/watch?v=PiF0DmntiKs

Қатысты жаңалықтар

12 қыз, 12 алтын

АЗИЯНЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ

24.05.2025
12 қыз, 12 алтын

12 қыз, 12 алтын

24.05.2025
Армандар орындалған күн

Армандар орындалған күн

24.05.2025
БАЙЛАНЫС ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА

БАЙЛАНЫС ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА

24.05.2025
Алқаптағы алқалы жиын

Алқаптағы алқалы жиын

24.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.