Қазақ: «Ер есімі – ел есінде» деп бекер айтпаған. Заманның шаңы жұтып жіберетін өткінші дүниелер алдымыздан аз ұшырасады да, халық жадында жаңғырып, ауыз толтырып айтатын тұлғалар саусақпен санарлық. Сол сирек шоғырдың бірегейі – Ғазиз Байтасов. Оның аты аталғанда құрмет пен тағзым қылаң береді. Осы асқақ болмысты экран тілімен сөйлеткен режиссер Дәурен Қамшыбаевтың «Капитан Байтасов» туындысы – көркем фильм деңгейінен әлдеқайда биік, ұлттық рухты жаңғыртқан көркем шежіре.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы негізінде «Қазақфильм» киностудиясында дүниеге келген бұл картина Талдықорғандағы Мәдениет сарайында көпшілікке ұсынылған сәттен-ақ өзгеше атмосфера орнатты. Көрермен залы лық толы. Шымылдық түріліп, жарық сөнісімен-ақ кинозалдағы үнсіздік режиссерлік паузаның табиғи жалғасына айналды. Бұл сәт көрерменнің экрандағы тағдырмен бетпе-бет келуге іштей дайындалған мезеті іспетті.

Туындының алғашқы кадрлары экспозицияны асықпай өрбітеді. Фильм қарапайым тіршілік көріністерін, қызмет барысындағы детальдарды нәзік штрихтармен береді. Осы арқылы актер Азамат Сатыбалды ойнаған басты кейіпкердің ішкі әлемі, мінез иірімдері біртіндеп ашылады. Режиссер артық драматизациядан бойын аулақ ұстап, дерек пен шынайылыққа сүйенген. Соның нәтижесінде әр көрініс жасандылықтан ада, өмірдің өзінен қиып алынғандай әсер қалдырады.
Сюжет дамыған сайын драматургиялық шиеленіс күшейе түседі. Тараз қаласындағы қанды оқиға фильмнің кульминациялық шегі. Қазыбек би көшесі. Кәдуілгі күннің бір сәті. Кенеттен бұзылған тыныштық. Қаскөйлердің ретсіз шабуылдап, атқылауы монтаж арқылы үзік-үзік, бірақ өткір ырғақпен берілген. Камера қозғалысы, дыбыс режиссурасы, кадр ішіндегі бей-берекет көрініс, барлығы дерлік көрерменді оқиға ортасына тартады. Терезелердің шағылуы, адамдардың жанұшыра қашуы, қорқынышқа толы жүздер – бәрі біртұтас кинематографиялық кеңістікке айналған.
Осы дүрбелеңнің дәл ортасында Ғазиз Байтасовтың бейнесі айқындалады. Кейіпкердің шешім қабылдау сәттері ірі планмен, эмоциялық салмақпен берілген. Әсіресе, шешуші эпизод, граната жарылар алдындағы көрініс – фильмнің идеялық өзегі. Монтаж ырғағы баяулап, уақыт созылғандай күй кештіреді. Ауыр жараланғанына қарамастан, капитанның соңғы таңдауы өз өмірін құрбан ету арқылы өзгелерді аман алып қалу. Бұл сәт көркемдік құралдар арқылы асқан дәлдікпен жеткізілген.
Ал зал ішінде орнаған тыныштық – туындының әсерін айқын аңғартты. Бірі демін ішіне тартып, екіншісі көз жасын тыя алмай, әр көрермен экрандағы трагедияны жеке қабылдағандай күй кешті. Сондай-ақ, картинадағы кейіпкер бейнесі тек қызметтік шеңбермен шектелмейді. Сценарийде оның адами болмысы кеңінен ашылған, Мәселен, әкелік мейірімі, жары алдындағы адалдығы, әріптестеріне тірек болар азаматтық келбеті. Биографиялық деректер де драматургиялық желіге шебер енгізілген. ішкі істер саласындағы қажырлы еңбегі, кәсіби шеберлігі – барлығы кейіпкердің тұтас портретін сомдайды.
Тарихи негізі бар бұл туындыдағы оқиға – 2011 жылдың қарашасында Таразда орын алған қайғылы жағдай. Лаңкестік әрекетті тоқтату жолында Ғазиз Байтасов өз өмірін құрбан етіп, бейбіт тұрғындарды ажалдан арашалап қалды. Кейін оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Фильмнің финалы – эмоциялық шарықтау сәтінің заңды түйіні. Экрандағы соңғы титрлер баяу жылжып, батыр есімі жарқ еткен мезетте зал ішін патриоттық сезім биледі. Сондықтан болар, «Капитан Байтасов» – патриотизм ұғымын жаңа көркемдік деңгейде пайымдаған шығарма.
Ғазиз Байтасовтың ғұмыры қысқа болғанымен, оның ерлігі уақытпен өлшенбейді. Халық жадындағы есімі де мәңгілік екеніне күмән жоқ.
Санжар Сұлтанғазы





