Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен Талдықорғандағы М. Тынышбаев атындағы музейден бастау алған «Еңбекпен ер атанған» көш керуен Текелі қаласына барды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған шара кең ауқымды аталып өтті. Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін тер төккен еңбек адамдарының жетістіктері, өнегелі өмір жолы өнер туындыларымен дәріптеліп, ән мен жырға арқау болды.
Текеліліктер Мәдениет үйінің фойесіне қойылған І. Жансүгіров әдеби музейінің жәдігерлерін, «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» атты кітап көрмесін, сурет және қолөнер туындыларын тамашалады. Театрландырылған қойылыммен басталған Д. Рақышев атындағы облыстық филармонияның концертіне зал толы көрермен ыстық ықыласын білдірді.
– Текелі Мәдениет үйіне алғаш кірген жан көркем галереямен, иә, музеймен шатастырар еді. Екінші қабаты құнды жәдігерлерге толы. Қатарында Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына қатысты мұралар да бар. Халқымыз ақын, жазушы деп танитын дүлдүл, нағыз еңбек ері болған. Жастайынан қара жұмысқа белсене араласты. Алғашқыда өзіне таныс малшылар мен егіншілердің еңбегін жырына арқау еткен. «Ақ сабан», «Қойшының ойы», «Қырман» сынды қазақ жұмысшысының бейнесін кеңінен ашатын өлеңдер жазды. Көпшілік көрмеден ақынның фотосуреттерін, жазу машинкасы, сиясауыты, ыдыстары мен жеке киімдерін көріп, көзайым болды, – дейді облыстық халық шығармашылық орталығы директорының орынбасары Қайрат Әбілқасым.
Республика бойынша алғаш Жетісу өңірінде бастау алған шара облысымыздың аудан, қалаларын түгелдей қамтымақ. Келесі бағыт Ақсу өңірі. 21 ақпан Алакөл ауданымен қорытындыланады.
Медет ЖҰМАБАЙ