Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген
Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген,
(Сонау бір соғыс жылы естіген ем)
Әредік, елдеқалай есіме алсам,
Қос басы, қою қара кешті көрем.
Шар тастар, шалғынды сай «Қарағайлы»,
Шулы өзен шомылдырған шағала — Айды.
Жөтеліп бұлттар көшіп өтетұғын,
Жетектеп жетегінде қара қайғы.
Жел тынған, жапырақ та сілкінбеген,
Тауға кеп түн ұйитын кілкілдеген.
Әр жүректі сол бір ән мазалайтын,
Әр көмейде сол бір ән бүлкілдеген.
Қос басында қауымның бәрісі де,
Қосылатын жасы да, кәрісі де,
Сіңір тірсек біздер де шырқаушы едік,
Түсінбестен сол әннің мәнісіне.
Күндізгі зор бейнеттің түні келіп,
Әр кеш сайын ән тыңдап жүріп едік.
Көз ұйқыға кеткенше сол бір әннен
Сай-сала тұратұғын күңіреніп.
Жүректің шыдырауында қоздайтұғын,
Шыбыны бар кеудені қозғайтұғын.
Қауым айтқан сол әнді естігенде,
Боталы інген борықта боздайтұғын.
Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген,
(Сонау бір соғыс жылы естіген ем).
Сол бір ән көмейіме кептелгенде,
Өмір дейтін керуен, көшті көрем.
Ескі әнді, шеше, қозғама!
Босқанда — ел-жұрт боздаған!
Ескі әнді, шеше, қозғама!
Елестеп маған өтеді:
Кұлазып жатқан боз дала,
Ескі әнді, шеше, қозғама?!
Қызда да, қыршын ұлда да,
Ұлыған неткен мұң-нала?!
Күңіренген неткен қу дала?!
Ескі әнді, шеше, қозғама?!
Өлмесін десең біржола,
Ескінің орнын тырнама!
(Жамандық көрмей өстім мен)
Күңіренбе, шеше, ескі үнмен?!
Күңірентпе мына даланы,
Азалы керуен, көш жүрген.
Күңіренсең, шеше, ескі үнмен,
Жетіқат жердің астынан
Бабамнын, даусы естілген.
Күңіренбе, шеше, ескі үнмен!
Жүрегім, жүйкем, бар тұлғам
Жүрегім, жүйкем, бар тұлғам,
Бұл күнде сымдай тартылған.
Лүп етіп самал соқса да,
Ызыңдап қалар антұрған.
ЬІзыңдап, нәзік үн шығар,
Үн шығар-дағы тұншығар.
Шегіне жеткен сым-ішектер,
Үзілейін деп тұр. шығар…
Алдыма өзің келгесін,
Аянам енді мен несін.
Үзілсе, мейлі, үзілсін,
Басып бір көрші пернесін.
Баяғы сазы бар ма екен,
Қуаныш па екен, зар ма екен.
Сыңғырап тұрған сым-ішектер,
Бұл күнде қандай халде екен?!
Саусағың салып пернеме,
Сазды үнің шығар тербеле.
Тыншып бір тұрған тұлпарым,
Тықыршып қалсын кермеде.
Бұл күнде сымдай тартылған,
Жүрегім, жүйкем,бар тұлғам,
Айныма осы қалпыңнан!
Айныма осы қалпыңнан!!!