«Бикен-ІІ» атты халықаралық театр фестивалін Түркиядағы Ерзурум Мемлекеттік театры жалғастырды. Анадолылық актерлар режиссер Левент Арастың “Hiç kimsenin öyküsü» яғни, «Белгісіз хикая» қойылымын ұсынды.
Сахнада қарсылас тарапта соғысқан қос жауынгердің үйлеріне қайтып келе жатқанда бір вагонда екеуден екеу кездесіп қалуларынан басталады. Басында екеуі артық әңгіме қозғауға жүрексінеді. Себебі, бір-біріне жау болып шығудан тайсақтап, көп сөз қозғамайды. Бірақ, бірінің қолындағы радиодан берілген хабарға елең еткен екеу бір-біріне мылтық кезенгендерін түсінеді.
Бір қала, бір көшенің бір ғимаратында тұратын екі сарбаздың бірі қызылдардың, екіншісі ақтардың жағында соғысқан. Жағдайды білісімен вагон ішінде тайталас басталады. Екеуі бір-біріне: «Сендер соғысты бастадыңдар, біз кінәлі емеспіз! Сендер – қылмыскерсіңдер, біз – сендердің қастығыңа ұшыраған құрбандармыз!» деп айғайласып қалады. Шындығында екеуі де қарапайым өмір сүрген. Біреуі махаббаттың соңынан қуған кондитер болса, екіншісі бала тәрбиелеп отырған музыкант.
Алайда олар басқалардың бастаған, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін ешқашан білінбейтін жанжалдың бір бөлшегіне айналған. Қос сарбаз бір-біріне қару кезеніп: «Кеше сені өлтірсем, қаһарман болар едім, бүгін өлтірсем – қылмыскер атанамын!» деген сөзі әсерлі жеткізілді. Жауынгердің ашу үстінде «Бейбітшілік жаман нәрсе, өйткені ол әрдайым соғыстан кейін келеді!» деген сөзі бейбітшіліктің мәнін түсіндірсе керек.
Жетпіс минут бойы Ариф Аталай мен Ергенекон Жеміл Башдоған ойынды шеберлікпен ойнады. Пьеса әлемнің кез келген жерінде сахналануға лайық. Қай тілде ойналса да соғыстың зардабы, жанжалдың кесірі айқын айтылып, ой қозғайды.
Айта кетейік, бауырлас Түркия жұртынан келген Ерзурум Мемлекеттік театры шығармашылық тәжірибесінде 12 балалар және 36 ересектер қойылымы, барлығы 48 қойылым арқылы Анадолыдағы көрермендерімен жиі қауышып тұрады.
Гүлжан ТҰРСЫН





