Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Coupe Mondiale 79» атты баяншылар мен аккордеоншылардың халықаралық байқауының ашылу салтанаты өтті. Баян және аккордеон өнері бойынша әлемдегі ең беделді додалардың бірі – Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева байқауға қатысушылар мен қонақтарға құттықтау хатын жолдады. Министр өз сөзінде мәдениет саласын дамытудағы мемлекеттік қолдау мен халықаралық шығармашылық байланысты кеңейтудің маңызын атап өтті.
Биыл байқауға 147 өтінім түсті. Оның 126-сы жеке орындаушылардан, 21-і ансамбльдерден қабылданған. Қазақстан, Ресей, Қытай, Италия, Португалия, Черногория, Сербия, Хорватия, Швейцария, Жапония, Өзбекстан, Бразилия, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Солтүстік Македония және Беларусь елдерінен келген өнерпаздар жеті аталым бойынша бақ сынайды.
Халықаралық аккордеонистер конфедерациясы делегаттарының 156-конгресі басталды. Жиында баян және аккордеон өнерін дамыту, кәсіби музыкалық білім беру және ұлттық орындаушылық мектептер арасындағы байланысты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланып жатыр.





