« Күнге қақтады »
Техника жөндейтін шеберхана алдында тұрған бір топ жігітке жезделері киліге кетті.
– Жемтік аңдыған қарақұстай қаптап кетіпсіңдер, аңдып тұрғандарың мен ғой, баяғы?…
– Жездеке — ау, күнібұрын күдіктенбесеңші… Алдағы жұмыс жайын ойластырып тұрмыз…
– Жаманнан қатты. Білетіндерің ақша жинап, арақ ішу, баяғы…
– Неше рет арақ алып беріп едіңіз, ж-ж-жез-деке?….
– Сендерге арақ алып бергенше арам қатқаным жақсы емес пе, тәйірі….
Жігіттер жабыла кетіп, бірі қамшысын, екіншісі басындағы кепкісі мен кастөмін тартып алды да, үшіншісі бәрін ескі күпәйкеге орап, шеберхананың биік шатырына лақтырып жіберді.
Жезделері балдыздарының жеті атасын түгендеп жүргенде мая салғыш трактор айдайтын Танаштың келе қалғаны.
– Танауыңнан айналдым, Танаш! Мені ана мая салғышыңмен көтеріп шатырға шығара ғой?…
Бұл да жездесіне тісін қайрап жүргендердің бірі еді. Берікболды шатырдың ұшар басына шығарды да, тракторын бұрып әкетті.
Шіліңгір шілде айының ортасы. Төбеде қалған қарт ыстыққа әбден қақталды. Елдің бәрі түскі үзіліске шығып кеткен кез. Көзі қарауытып, басы айналған тұста колхоз бастығы келе қалады. Орыс жігіті еді.
– Трактористерің шабындықтан шөп шауып, мая тұрғызғанның орнына мен сияқты қауқарсыз шалды шатырға шығарумен шұғылданып жүр, бастық мырза! – деді алқына тіл қатқан.
Орыс бастық жездеме мен балдыздың қалжыңын қайдан түсінсін, Танаштың тракторын тартып алды да, қалғандарын шеберханадан қуып шыққан екен.
Тұлыхан КӘРІМ





