«Қазақстан тәуелсіздігіне отыз жыл» айдарымен кең байтақ еліміздің түпкір-түпкірінде тарихи-танымдық іс-шаралар өтуде. Жетісу өңірінде жыл басынан бері тәрбиелік мәні үлкен мұндай үрдіс толастаған емес, алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Соның бірі Қазақ билерінің қатарында айтулы орны бар Жолбарыс бидің үш жүз елу жылдығына арналған шара. Жолбарыс дүйім Қазақ жұртына көрегендігімен танылып, әулие атанған. Ұрпақтары Шұбар ата деп атайды.
1710 жылы Жетісуға алғаш рет келген әз Тәуке ханның ордасы Көктөбе жайлауындағы Кіші саз төріне тігіліпті. Жасы сексеннен асқан ханға сәлем беруге келген игі жақсылардың қатарында Дулат-Жаныс Бұрқыл би, Шапырашты Жарлығап пен Тауасар би, Ыстыдан Нұрмамбет, Жалайырдан Жолбарыс би болған екен. Жолбарыс бұл жылы 39 жаста көрінеді. Тәуке ханнан кейін хандық билік әлсіреп, жердің бүтіндігін, елдің бірлігін әрі қауіпсіздігін сақтау – билер мен батырлардың басты қарекетіне айналғаны тарих айдынында сайрап жатыр.
Ақылдың кені, елінің абызы Жолбарыс Жылқайдарұлы өз тұжырымын айтпас бұрын бірі баласындай, бірі інісіндей болып кеткен елдің игі-жақсыларымен қатар бауырларының пікірін де әрдайым ескеріп отырған. Бұл ұлттық болмысымызға тән тектілік бабасы Қосайдан бастау алып сабақтастықпен күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Қосайдың – Сары, Таз, Қарасақал, Жабысқақ, Сомбақ атты бес баласынан тараған ұрпақтың өзі бір рулы ел. Бұлардың қатарынан елі үшін еңбек етіп, асыл мұратына жеткен азаматтар баршылық.
Сомбақтың Сүйіндігінен үш ұл Байсары, Байтоқ, Қаратай туады. Байтоқтан Жылқайдар, Бекайдар, Қаратай ұрпақтары тарайды. Жылқайдардан бес ұл Жолымбет, Жолбарыс, Есенкелді, Төлебай, Махар туады. Жолбарыстың өз белінен он бес ұл туған, соның бірі – Қыдырбайдан Болтай туады. Болтайдан туған алты ұлдың бірі Тоқадан – Кемел мен Қасым дүниеге келген.
Қазақ қауымына Кемел Тоқа әулеті жиырмасыншы ғасырдың алғашқы кезеңінен таныс. Ашаршылық тауқыметін басынан өткізген екі миллион қазақтың бірі Тоқа және оның балалары Кемел мен Қасым. Бұл жайында еліміздің баспасөз құралдары, қазақ радиосы мен телевидение арнасынан көптеген әдеби, тарихи танымды хабарлар берілді. Кемел – Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Сан мәрте жау тылына өтіп немістің жоғары шенді офицерлерін штабқа жеткізген барлаушы. Соғыс аяқталысымен автоматтың орнына қолына қалам ұстап оралған талантты қаламгер. Оның туындылары жүз, үш жүз мың данамен басылып қалың оқырмандарына жеткен. Тарихи деректер негізінде «Солдат соғысқа кетті», «Тасқын», «Соңғы соққы», Сарығабанда болған уақиға» атты шығармалары нешеме қайтара басылып кеңінен таралған. Қазақ ССР Жоғары Кеңесі аппаратында жауапты қызметте болған Кемелдің қарапайымдылығы, мейірімділігі, бауырмалдығы, біліктілігі мен іскерлігі жүздеген соғыс ардагерлері, қоғам қайраткерлерінің есінде. Қазақтың небір атақты жазушылары Кемелдің талантын жоғары бағалаған, тіл шеберлігіне сүйсінген.
Жолбарыс баба жайлы жыр
Жеті өзені орап аққан жүрегімдегі ұлысым,
Музейден көрдім Жолбарыс бидің қазақы қайқы қылышын.
Ай сәулесіне шағылып жүзі көсіле шапқан ат үстіндегі сырысың,
Аруларымыздың жанарындағы нұрысың,
Ертеңгі туар ұлы ақындардың жырысың.Күз болып көштім жерімнен Тәңір жайнатқан,
Құс болып қайттым бабаның тойын тойлатқан.
Дұшпанға қарсы шапқанда атын ойнатқан,
Жолбарыс баба, ерекше туған ер еді,
Сұққанда найза тұрмастай терең бойлатқан.Даланың ғажап әуезіменен тербеткен,
Жолбарыс баба ержүрек ер боп ержеткен.
Толқып бір тұрған заманды көрдім кер кеткен,
Сәбиді көрдім дертті боп туған жөргөктен.
Жарық дүниенің қара жолымен келемін,
Шаңды жорығын жырыма қоссам деп едім.
Жолбарыс баба іздейді бүгін сені елім,
Зар замандардан дауысы жеткен кемелім.Анталап тұр ғой, болады қалай ендігім,
Қан майдандарда дұшпанын қан ғып жеңді кім?
Ұлы даланың қазаққа берген кеңдігін
Жолбарыс тонды Жолбарыс бидің кешегі,
Жеткізгім келді ұрпаққа ұлы ерлігін.Алмастай өткір, темірдей қатал тәртіптің,
Атадан текті Би болып туған Балпықтың,
Қазақтың кеше мерейін ұлы далада шалқыттың,
Сүйегін елдің ерліктеріңмен балқыттың.
Көңілін құстай қалқыттың.Сағыныш болып тербеген мені ұлы мұң,
Еске сап Іле анамның өрген бұрымын.
Қанды қырғыннан баяғы аман кеткеннің бірімін
Жолбарыс баба рухы болып ояндым,
Мен әлі тірімін.Жағаламастан, сағаламастан кеңсені,
Талдықорғанда ескерткіш тұрды еңселі.
Жолбарыс баба жауынгерлері жорытып өткен құба бел,
Елеске еріп тағы іздеп келдім мен сені.
Ақыры қайыр, тәуелсіздіктің таңы атты,
Қазақстаным әлемді түгел қаратты.
Қазақтың қамын қаршадай кезден ойлаған,
Жолбарыс баба тарихқа сіңіп баратты.Қасымхан Бегманов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты
Жазушы Кемел Тоқаев туындысында бас кейіпкердің бірінің Жолбарыс есімімен аталуы тегін емес. Біріншіден, жауынгер Жолбарысұлы – жас барлаушы Кемелдің прототипі. Өмірдің ащы-тұщысын көрген адам жаудың тылына өткенде бабасының аруағына сыйынған да болар. Ұлы Қасым-Жомарттан туған немересін Темір (Тимур), бауыры Қасымның ұлы Бақтыбектен туған ұлды Шыңғыс атауына назар аударсақ, Кемелдің бойынан тектіліктің нышанын аңғарамыз. Темір мен Шыңғыс бір адам – Шыңғысханның есімі. Бұл тарихқа тағзым етудің әдепті үлгісі.
Екіншіден, он бес жасына дейін «Әй, бала» атанған, кейін қолды болып кеткен бәсіресі Шұбар айғырды үйірімен тауып, өсімімен қайтарған қайсар жігітке Жолбарыс есімі берілген. Көп кешікпей Жолбарыс көрегендігімен танылып, әулие атанған. Осы жайттың өзінде бір тылсым сыр жатса керек. Осы сырды әдептілігімен ұрпағына үлгі еткен Кемел Тоқаевтың парасаттылығы кімді де болса сүйсіндірмей қоймайды.
«Жолбарыс бата бермей жолың болмас» деген сөз бар ел ішінде. «Алпыс күн оқыған намаздан, бір күн орныққан әділдіктің жақсылығы көп» деп өкшесін басып келе жатқан Қабылиса жырау, Ескелді мен Балпық билерді жанып отырады екен. Олар да өз кезегінде келелі жиындарда сөз бастатып, Жолбарыстың ақылын тыңдаудан жалықпаған.
Бірде Наурызбай батырдың сенімді серігі құралайды көзге атқан атақты мерген Тәттібайға: «Жоңғарды жеңетініміз ақиқат. Өйткені күш біріктірген қазақ қолы азаттық үшін соғыспақ. Әділдіктің туын көтермек. Тәуке ханның «Өркенің өссін!» деген батасын алғансың. Майдан алаңына кірген сарбаз артына қарамас болар. Шығатын жол біреу ғана. Ол – жеңіс жолы. Атымды шығарам деген өркөкіректіктен, көзсіз әрекеттен аулақ болыңдар. Үйлесімді қимылдарыңның өзі жаудың сағын сындырады. Қатарларыңа қосылған жастарға қамқор болу басты міндеттерің. Мұны үлкендердің аманаты деп ұғыңдар!» деп ақ тілегін айтқан. Бұл айтқаны елді ерлікке баулып, өзінен мықты жауын жеңіп шығуға ақ жол ашқан.
«Әділдік болмаған жерде, Алланың да ризашылығы болмайды» деген ұстаныммен елге танылған Балпық би егде жасқа келгенше бала сүймеген ғой. «Апыр-ай, асыл туған бекзатым-ай, ұрпақ жайын ойласаң етті» деп кездескен сайын қамығады екен, әулие. Балпық болса, «Шұбар ата» балалы екендігін айтып болмады-ау», деп ренжитін көрінеді. Олай дейтіні Жолбарыс Бекбаулы, Бақтыбай, Салауат, Аймас, Таймас, Шағыр, Қораз, Доржан, Балмақ, Қыдырбай, Сыдырбай, Аманжол, Досбол, Қошқарбай, Серкебай атты он бес ұл сүйген адам. Кезекті бір жолыққанында: «Менің ұзынымды ұлым киеді, қызылымды қызым киеді. Ал сенің жиған-тергеніңді өзің кимегенде кімің киюші еді?» деген басыңқы сөзіне қарамастан бидің әйелі Ақбалық: «Меніңше, әулиенің назары түсіп тұр бізге. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, біздікі білместік пе деймін. Жүріңіз барып батасын алайық?!» деген соң, әулиенің ауылына жеңгесі Үлпілдекті ерте барған.
– Күйіміз ажарланбай, үйіміз базарланбай өткеніміз бе? Перзент деп тілек тілеп келдік, – дейді Балпық.
– Көп берейін бе шүрегей, біреуін берейін бе бірегей, – дейді Жолбарыс.
– Қатық тұздығымен болушы еді ғой, – дейді Балпық.
Сонда әулие:
Ғайыр ерен, қырық шілтен,
Көзіңнің қырын салып өт.
Қыдыр дарып, бақ қонып,
Қолдап жібер құдірет.
Ақ көңілден айтылған,
Тілекті, Алла қабыл ет! – деп батасын беріпті.
Дарабоз ана атанып кеткен Үлпілдек: «Бесіктегі баланың бек боларын кім білген, қарындағы баланың хан боларын кім білген» дегендей, әулиенің батасы қабыл болсын. Өмірге келер нәресте сенің жолыңды жалғастыратын би болсын» деп Балпық пен Ақбалықтың нәрестелі болатынына сенімдерін нығайтып, қуанышын бірге бөліскен. Міне, осыдан кейін байтақ елдің Балпығы кемел жасында Тіленші, Әлдеке атты екі ұл, Ақмоншақ, Көкмоншақ атты екі қыз сүйген. Тіленші болса, әке жолын қуып Жетісу өлкесінде әділдіктің туын ұстаған қазы болған.
Жолбарыс бидің ел бірлігі үшін атқарған дипломатиялық қарекеті өз алдына кеңінен баяндалар тақырып. Десе де, «Бітімгершілік – қарсыласын сабасына түсіретін келісімшарт».
«Қазақ жаугершілікке құмар емес, алайда басынып келген жауының желкесін үзуге әркез дайын» деген ұстанымынан айнымапты. Қазақ елшілерін бастап Қытайға сапарлағанда Алтынемелден өткен жолын жергілікті халық «Жолбарыс асуы» деп атайды. Күні бүгінге дейін киелі орын деп саналады. Өмірінің соңғы жылдарында Жолбарыс әулие Шұбар ата атанып Қаракөтермені мекендеген. Қазан төңкерісінен кейін жаңа құрылым аудандар ұйымдастырылмады ма? 1928 жылы іргесін қалап, шаңырағын көтерген Қаратал ауданы орталығының Қаракөтермеде орналасуы тегін емес-ау, тегінде. Түркістан-Сібір теміржолының салынуына байланысты Үштөбеде үлкен теміржол стансысы салынып, жұмысқа бес мың адам тартылады. Мұның сыртында жаңадан өндіріс орындары ашылып, тоғыз жолдың торабына айналған Үштөбеге аудан орталығы 1932 жылы ауысқан.
«Жақсының ғұмырын ұрпағы ұзартады, ісін ұлысы жалғастырады» демекші, Жолбарыстың ерлігін елеу, әулиелігін мойындау, әділ билігіне тағзым ету шаралары қайбіреулер ойлағандай бүгін емес, он сегізінші ғасырдан бастау алып, елге деген шапағатында үзіліс болған емес. Кешегі кеңестік заманды билеген компартия идеологтары қабыр басына ай тұрғызған адамды жазалап жатқанда Қиланбек Әлібайлы Жолбарыстың кесенесін жаңартып күмбезіне ай орнатқан. Бұл Қиланбегің кім?
Сүйіндіктің Байтоғынан – Жылқайдар, Бекайдар, Қаратай туады. Жылқайдар – Жолбарыстың әкесі. Бекайдардан туған Қалпақ, Бералдай, Сатыбалды, Шөтекен ұрпақтары Іле-Қаратал аралығында жалпағынан қоныстанып, жапырақтай жайқалып, бір атаның баласындай тіршілік етуіне атсалысқан тұлға Нұртай Өксікбаев Бекайдардың Сатыбалды тармағынан.
Ал, Байтоқтының Қаратайынан он екі ұл туады. Соның бірі Тарақ, екіншісі Әлібай. Ақ патша заманында болыс болған Қаратайдың Тарағы ақ патшаның сойылын соқпай, елінің қам-қарекетін ойластырған. Әйтсе де, патша ағзамды айтасыз, өңір билігінің тізгінін ұстаған орыс оязы қазақ болыстарына шекесінен қарап, үстемдік танытқаны жасырын емес.
Қазы боп осы топта Тарақ отыр,
Бар күшік аузына оның қарап отыр.
Ескелді, Қабан, Балпық, Жәлмендедей
Билігі Жалайырға жарап отыр, – дейді Қосайдың асыл тұяғы Мәулімбай ақын.
Шектен шыққан орыс оязы ел аралағанда сәлем бере шыққан қазақтарға қолын емес, сүйеніп жүрген таяғын ұсынады екен. Таяғынын ұшын маңдайына тигізіп сүюді бақыт деп санайтындар кезінде Майқы бабамыз болжағандай, қазақ арасынан да шығыпты. Кезекті бір сапарында Күшік ауылының болысы Тараққа да ояз таяғын ұсынған ғой. «Ояз болсаң, өзіңе оязсың» деп аса таяғын қағып жіберген Тарақ болыс итжеккенге айдалғанымен Қосай ұрпақтарының сағын сындыра алмаған. Ал, Әлібай болса 1928 жылы құрылған Қаратал ауданының орталығы Қаракөтермеде еңбек етті. Қиланбек осы кісінің баласы. Ел ішінде беделді адамның бірі, ел ағасы Қиланбек ағайын туғандардың басын қосып Жолбарыс бидің кесенесін тұрғызып ауылдастарына ас берді. Әулиенің аруағына арналған шараға кедергі жасауға идеологтардың шамасы келмеді. Содан бері кесене аруақты адамға тәу ететін киелі орынға айналды. Бұл өткен жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары еді. Күні бүгінге дейін тәу етуші жамағаттың легі толастамай келеді.
Бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің ақ таңы 1991 жылы атты. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Қазақ елі Қабанбай, Бөгенбай батыр мен Абылай ханға арнап ат шаптырып, ас беріп, абыройын асқақтатты. Жетісу жерінде Ескелді, Балпық би мен Қабылиса жырау кесенелері бой көтерді. Айту би мен Жолбарыс әулиенің кесенесін жаңартуға ұйытқы болған Таңатар Иманғалиев, Төлеген Шәріпбаев аудан әкімі Керімтай Әбдрахмановтың қолдауына ие болды. Мұндай келелі істен жетісулықтар тыс қалмады.
Жылқайдардың бауыры Махардан Арғынбай, Байжиен, Құлжиен туады. Арғынбайдан Андасбай, одан Жексенбі. Жексенбіден туған алты ұлдың бірі Иманғали, екіншісі Омарғали. Иманғалидан Таңатар, Омарғалидан Мырзатай, Темірғали, Әлім туады. Таңатар Иманғалиұлының бастамасын Талдықорған өңіріндегі Қосай ұрпақтары қолдап, 1996 жылы еңселі кесене тұрғызып, ат шаптырып ас берді. Кесененің жобасын жасаған Омарғалидың Әлімі. Әлбетте, уақыт өткен сайын кесененің ағымды жөндеуден өтуіне атсалысқан ұрпақтарының ауызбіршілігіне ел сүйсінді.
2006 жылы сәуір айының 10 жұлдызында «Үш Бәйтерек» қоғамдық қоры құрылды. Мақсаты – Ескелді, Балпық би мен Қабылиса жырауға ескерткіш орнату. Халықтың қолдауына ие болған бұл бастаманың негізінде Талдықорған қаласының төрінен «Үш Ата» ескерткіші биік тұғырға орнатылды. Қарағанды қаласында қоладан құйылған ескерткіштің құны 34 миллион 893 мың теңге толығымен халықтың демеушілігімен өтелді.
Халықтың қолдауынан қуат алған «Үш Бәйтерек» қоғамдық қоры өз жұмысын жалғастырды. Қордың құрылтайшылары Әміре Әрін, Ертай Қашқынбаев, Әбен Тайжанов, Ақшабай Керімбеков, Кенжехан Халелов, Аманбек Рахымбеков, Саржан Ержұманов, Бақберген Түкібаев сынды елжанды азаматтардың үгіт-насихат және ұйымдастыру жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқаруы, жиналған қаржының соңғы тиынына дейін есеп жүргізуі үлгі боларлық. Міне, осынау тарихи сананы жаңғырту толқынында қоладан шекпен киген Қадырғали Жалайыр бабамыз өз атымен аталған көрікті даңғылдың төріндегі тұғырлы таққа көтеріліп, Талдықорғанның ажарын ашты.
Іле-шала Қаратал ауданы мәслихатының хатшысы Мақсат Рахымбаевтың Үштөбе қаласының орталық көшесі Абылай хан даңғылында Жолбарыс, Қарынбай, Жәлменде билерге ескерткіш орнатып, кешенді орынға айналдыру жөніндегі ұсынысы биліктің барлық тармағынан қолдау тауып дайындық жұмысы басталды. Осы хабарды естіген Маржа тармағынан шыққан Торғайдың шөпшегі Халық Оңғарұлы Баяділов тұлпардай тулап, жұмыс орныма келді.
– Аға, Жолбарыс бабаның ескерткішін Үштөбеде емес, облыс орталығы Талдықорған қаласында орнату керек, – деп табандылық танытты.
– Айтқаның болсын, – дедім.
«Тұлпар туар жүйріктен» дегендей, Төлеухан Дүркінбеков, Әбдібек Дүйсеков үшеуінің аруақ сыйлар азаматтық келбеттерін, алғыр, жомарттықтарын бұрыннан білуші едім. Атқа қонып болашақ ескерткіштің орнына лайық деген үш орынды бірге таңдадық. Қазір сол жердің бірінде орталық «Иман» мешіті, екіншісінде «Жастар символы», үшіншісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші орнатылды.
Биылғы жылдың басында Омархан Нұртайұлы Өксікбаев бастаған ынталы топ игі жақсылардың басын қосып Жолбарыс әулиенің үш жүз елу жылдығын атап өту жайында салихалы сұхбат өткізді. Елге танымал Ермек Келемсейіт, Оралбек Жақиянов, Жомартқали Жексенбінов, Әміре Әрін сынды қоғам қайраткерлері іске сәттілік тілеп батасын берді. Бұл рухани шараға ерекше мән беріліп Қадырғали Жалайыр қорының төрағасы Өмірәлі Жалаиридің жетекшілігімен Алматы қаласында халықаралық тарихи-танымдық тағылымды конференция өтті. Қытай, Түркия, Өзбекстан, Қазақ мемлекетінің танымал ғалымдары Ақбар Мәжит, Махамбет Жүсіпов, Қара Әбдіуахан, Мәмбет Қойгелдиев, Берекет Кәрібаев, Серік Негимов, Рақымжан Тұрысбеков, Тұрсынхан Закенұлы, Зиябек Қабдулдинов пен қоғам және мемлекет қайраткерлері Амандық Баталов, Өмірзақ Озғанбаев, Сауытбек Абдрахманов, Ұлықбек Есдәулетов, Ақылбек Күрішбаев, Ербол Тілешов, Талғат Айтбайұлы және әулие бабасын пір тұтқан ұрпақтарының терең мағыналы баяндамаларымен Қазақ хандығының шаңырағын көтеруге атсалысқан Қосай ұрпақтары мен жоңғар шапқыншылығында елдігімізді, бірлігімізді нығайтуға белсене атсалысып, Ежен патшаның қазақ даласына көз тігуін тежеген Жолбарыс бидің, салиқалы саясаткер, тәжірибелі елшінің қыр-сыры кеңінен ашылды. Бұл жайында Қазақ радиосының аға редакторы, тарланбоз журналист, «Інжу-маржан» терме хабарының авторы Қойшығұл Мұстафаұлы Зарлы ұйымдастырған бірнеше бөлімнен тұратын әдеби-тарихи танымдық хабар екі ай бойы «Шалқар» және Қазақ радиосының мыңдаған тыңдарманын тамсандырып, көңілінен шықты. Қазақтың даңқты батырлары Мұқали мен Орақты ерліктері де осы хабарларда айшықталды.
Көптің көңілінде жүрген ескерткішке келсек, қылқалам шеберлері Жанұзақ Мүсәпіров, Марат Нүсіпов және мүсінші Бауыржан Жуасбаев дайындаған ескерткіштің жобасы Талдықорған мен Нұрсұлтан қаласындағы құзырлы органдардың алқалы жиынында сан мәрте талқыланып, зиялы қауым өкілдері Амандық Баталов, Серік Ахымбеков, Бейбіт Исабаев, Бақытхан Жазықбаев, Тынышбай Досымбеков, Мықтыбек Рахымбек, Болат Бұлғақбаев сынды азаматтардың ұсыныстары мен ескертпелері назарға алынды. Алтынемелді жарып өтетін Жолбарыс асуындағы тұғырлы таста кескінделер Жылқайдар әулетінің малбасы, өзінің бәсіресі Шұбар айғырымен көтерілген Жолбарыстың бейнесі бір қырынан қарасаң болашағын бағамдаған әулиеге, екінші қырынан қарасаң әділдіктің ақ туын көтерген биге, алдынан қарасаң ел тыныштығын ойлаған елшіге, қол бастаған көсемге ұқсайды. Аманшылық болса ескерткіштің ашылуына жиналған жұрт бұған көз жеткізіп, аңыз боп жеткен абызға тағзым етері хақ.
Ескерткіш орнаған көше Жолбарыс би есімімен аталады. Бұл көшенің елдің бой жазып, демалатын саялы орынға айналуына қамқорлық танытқан облыс әкімі Амандық Баталов болса, әкімнің ұсынысын іске асырған Талдықорған қаласының әкімі Ержан Жасыбаев.
Ынталы топ пен қордың жетекшілері Омархан Өксікбаев пен Әли Алпысбаев «Артында ұл қалғанның көзі қалады, артында сөзі қалғанның өзі қалады» деген қағиданы ескерсе керек. Жазушы Кемел Тоқаевтың парасаттылығына тәнті болған тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелдиевтің «Жылқайдарұлы Жолбарыс елінде»», қарымды қаламгер Талғат Айтбайұлының «Аңыз болып жеткен Абыз» атты кітаптарының тұсаукесері Бикен Римова атындағы театрда өтеді деп жоспарлануда. Ынталы топтың белсенді мүшелері Серік Әбікенов пен Мәрлен Көлбаевтың бастамасымен туған «Аманат» атты драмалық қойылымның премьерасына келген көрермендердің де алғыс аларына шүбә келтірмейміз.
Шұбар ата – Жолбарыс бидің торқалы тойы Қаратал ауданы, Кәлпе ауылындағы Кесене алаңынан бастау алатыны ұлттық дәстүрімізге әрі қазақ болмысына тән. Қазірдің өзінде баба аруағына тәу ете келген ағайындардың легі толастар емес. Осы жайтты мұқият ойластырған Омархан Өксікбаев, Халық Баяділов, Әли Алпысбаев, Ерлан Исабеков, Жәнібек Тасыбаевтардың кесенені күрделі жөндеуден өткізу шараларын ерте бастан ойластырып, күні кеше аяқталуын қамтамасыз еткені перзенттік парыздарын өтегені деп түсінеміз. Кесененің іші сылақтанып, көрікті шамдармен жарықтандырылған. Кесенеге кіре берісте граниттен өрілген дарбаза орнатылып, маңдайшасына бидің есімі жазылған. Кесене мен екі ортаны жалғастырар аллея жасыл желекпен абаттандырылып, тау шыршасы отырғызылған. Аллеяның екі жағында шамшырақтар жанып, тамшылап суғаратын заманауи қондырғы тартылған. Тәу ете келген адамдардың бір сәт тынығып, сұхбаттасатын шатыры бой көтерген. Құрбан шалып, құдайылық берем деген жандарға арнайы салынған асхана да күрделі жөндеуден өткен. Кесенеге баратын шығыс, басты жолдарына асфальт төселген. Кесенені өңдеу жұмысын атқарған кәсіби құрылысшы Айдын Кемалов пен павлодарлық инженер- металлург Рустам Билалов киелі міндет үдесінен табылып, жерден рухани қуат алғандарына разы.
Осыншама қыруар жұмысты ың-шыңсыз баршаға салмақ түсірмей өткерген Қосай ұрпақтарына ел-жұрт ақ тілеуін білдіре ризашылығын айтып жатыр. Сонау 1996 жылғы шараны ұйымдастырған замандасымыз Таңатар Иманғалиев бастаған азаматтар жайында «Жарайсыңдар, жігіттер» деген көлемді мақалам «Жетісу» газетінде жарияланған-ды. Бүгінгі ынталы топтың жетекшісі Омархан Өксікбаевтың маңына топтасқан азаматтарға «Жарадыңдар, жігіттер» деген ағалық ақ ниетімді айтамын. Өз еркімен демеушілік танытқан ағайындарға разымыз. Жамыраса табысып, жадыраса қауышатын ағайындарға айтарымыз «Береке-бірлігіміз қашпасын, белімізді ешкім баспасын!».
Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы





