Шыңғысхан ұлы Түрік қағандығының Шығыс Ордасы құлағаннан соң екі жүз жылдан кейін қайтадан ес жиып, тағы бір жүз жылда күш-қуаты қалпына келген, бірақ әр ру жеке патшалық құрып, басы бірікпей тұрған көшпенді Түрік жұртын бір орталыққа ұйыстырып, қуатты жаңа ұлыс құрды. Бұл шын мәнісінде ежелгі Түрік қағанатының қайта тууы болатын. Нәтижесінде Шыңғысхан Шығыстағы Түрік қауымын сақтап қана қойған жоқ, бүкіл даланың болашағын қамтамасыз етті.
Ең алдымен кеше ғана қағанатты тоздырған, енді Ұлы қорғаннан шығып, батысқа аяқ салары күмәнсіз Қытай экспансиясын тура бес жүз жылға тоқтатты. 1200 жылдар шамасында әбден күшейген Хорезм мемлекеті әуелі біздің Қарахандар ұлысын елдігінен айырды. Содан Талас өңірін, Сыр бойын біржола баурап, басыбайлы қонысына айналдырды. Біздің бабаларымызды жаныштап, біржола құрту үшін Шығыс Дештіге, яғни қазіргі Қазақ Даласына қырғын жорықтар ұйымдастырып тұрды. Мұның ең үлкен бір көрінісі – 1216 жылы Ырғыз-Торғай алабына жасаған жазалау экспедициясы болды. Қанға құныққан Хорезм шах Алладин Мұхаммедтің қалың қолы дәл осы орайда Ырғыз бойында Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы ханның әскерімен беттесуі кездейсоқ емес.Ұзақты күнге созылған ұрыста Алладин Мұхаммедтің жүз мың әскері Жошының 20 мың жасағын жапырып кете алмады. Керісінше, ұрыстың бір сәтінде шахтың өзі жорық ордасын тастай қашып, әрең бассауғалайды. Ақыры шайқас нәтижесіз аяқталғанмен, дәл осы жолы Хорезм шахтың сағы сынады. Түптің түбінде Ырғыздағы ұрыс 1220 жылы Хорезмде басталған кең көлемді майданның, яғни бүкіл Мауреннахрдың тағдырын шешеді. Бұрынғы жүз шапқынның жалғыз қарымтасы. Қазақ Даласының тынысы кеңіп, ұлттың ұйысуына мүмкіндік туады.
Осы жойқын соғыс барысында, кейбір ағайындар айтып жүргендей, біз Отырарды қорғағанымыз жоқ, қоршадық, бергеміз жоқ, дәлірек айтсақ, алдық, жаудан бостан қылдық. Бұл сөздің мәнісі — қыпшақ қауымына, яғни бізге тиесілі Отырарды ілкіде Хорезм басып алған болатын, Отырар әміршісі қыпшақ Қайыр хан – бұрынғы шахтың бәйбішесі, бүгінгі шахтың анасы, Хорезмдегі қыпшақ әскеріне арқа сүйеген билігі зор Түркен қатынның туған бауыры болатын. Яғни шах өкіметіне адал берілген кісі. Оның үстіне, атақты керуенді талқандау кезінде күнәға батқан. Қайткенде де Шыңғысхан кешірмес еді. Сондықтан да ақырына дейін соғысты, ерлігіне күмән жоқ. Бірақ ер екен деп жауыңды ардақтамайсың ғой. Шыңғысхан ұлылыққа тән мәрттікпен сүйсінді, бірақ Синт бойындағы соғыста Жәлелиддинді аман жіберсе, Отырар ойранына себеп болған Қайырханды кешіре алмады, сол заманның салтына орай, жазаға тартты. Біз Отырарды қайырып алдық.
Неге біз десеңіз, Шыңғысханның жеңімпаз әскерінің негізгі бөлігін құраған түркі тайпалары еді. Ол кездегі атаққа шыққан зорлары – керей, найман, жалайыр, қатаған, қоңырат. Кейін оларға қосылған басқа үлкенді-кішілі қаншама қауым. Ал қалған уақытша Хорезм әскері құрамында кіріптар болған түрік-қыпшақ жұртына келсек, өзі үшін соғысқан Қайырханның жасағынан басқа түрік-қыпшақ әскерлері Мауреннахрдағы соғыс барысында ертелі-кеш әр шаһарда он мың, жиырма мың, отыз мыңдап түгел Шыңғысхан жағына шығып отырды. Кейінгі кейбір тарихшылар опасыздық, қорқақтық деп бағалайды. Іс мәнісін білмеуден туған жаңылыс. Хорезм шегінде әскерге тартылған біздің жұрт қалай соғыса алатынын жаңағы Отырарда көрсетті емес пе. Басқа жерде кім үшін қан төкпек. Өздеріне жеккөрінішті Хорезм шах билігі үшін неге ғана ағайын-жұрт – түбі, тегі, тілі бір керей, найман, жалайыр, қоңыратпен соғысуы керек. Әлбетте тезінен тіл табысқан. Көп ұзамай бәрі бірігіп, жаңа ұлыс құрған. Еділ, Таң, Үзе бойындағы Қыпшақ қағанатқа пара-пар қуатты жаңа мемлекетін орнықтыру үшін батысқа қарай бет түзеген. Сөйтіп ұлы Шыңғысхан өзінің бүгінгі жұрты, болашақ ұрпақ үшін шығыста Қытайды тыныштандырса, түстікте бүкіл Дешті Қыпшақтың тажалы болып отырған Хорезмді қиратты.
Әлбетте, қай замандағы соғыстың да өз заңы, ауыр зардабы бар. Және бүгінгі отарлық-құлдық санадан бастау алған интернационалдық шалағай қағидалар өткен тарихқа жүрмейді. Әлде басқаның қаласы қирамас үшін өзіңнің далаңды ойрандатып, бар халқыңды құрбандыққа беруің керек пе. Соңғы жетпіс жыл бойы сұрамай-ақ бәрін бердік. Басқаға қатер төндірмек түгілі, өз жаныңды қорғау айыпқа саналды. Сол кемтар сана бүгінге көшіпті. Күні бүгінге дейін Кенесары ханды қолдасақ, қырғыз ағайынның көңіліне келеді деген сырқат ұғымда жүрген дәнекершілер бар екен. Немесе жеріңді бермесең өзбек ағайындармен араздық туып кетуі мүмкін дейді. Ал сенің көңілің, араздығың көк тиын. Шыңғысханға деген теріс көзқарас та осындай түйте ұғымнан бастау алған. Бұрынғы құлдық сана жаңаша көрініс тауып, барлық майданға бірдей шабуылға шығыпты. Өзгесін айтпайын, қазіргі рухани кеңістіктегі дәл осындай мүшкіл халіміздің шет-жағасын аңдаса, бұрынғы арыстан бабаларымыз ауырмай-сырқамай табан астында құсадан өлер еді.
Сонымен арыстан бабалар ежелгі дәстүр жөнімен, ең алдымен өз ұлысының мүддесін алға қойды. Ұрпақ үшін қан төкті. Ақылы мен қажыр-қайратын халқының игілігіне жұмсады. Осы қайрат пен ұлағаттың Шыңғысхан жорықтарынан кейінгі ең бір айқын көрінісі ретінде біздің ұлы мемлекетіміз, тарихта Қыпшақ Ұлысы атанған Алтын Орда құрылды. Күш-қуаты әлемді тітіретті. Сән-салтанаты жер-жиһанға жар болды. Тарихтың тағы бір толқынында ежелгі Түрік қағанатының, одан соңғы Шыңғысхан ұлысының, оған жалғас Алтын Орданың тікелей мұрагері – Қазақ Ордасы бой көтерді. Шыңғысхан қалыптастырған жарғы, мемлекеттік жүйе, жоралар ізімен. Бүгінгі қазақ халқының жер бетінен өшіп кетпей, ел болып, жұрт болып отыруы – дүние қайта бұзылған алағай-бұлағай заманда дербес ту көтеріп шыққан осы Қазақ Ордасы дейтін мемлекеттің арқасы. Ал Қазақ Ордасының негізін салған Керей мен Жәнібек – сол Шыңғысханның тікелей ұрпағы болатын.
(«Шыңғысхан және оның заманы» эпопеясынан).
Мұхтар МАҒАУИН, Халық жазушысы





